Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Үйлестіру кеңесінің алғашқы көшпелі отырысы Қызылордада өтті

Үйлестіру кеңесінің алғашқы көшпелі отырысы Қызылордада өтті

Үйлестіру кеңесінің алғашқы көшпелі отырысы Қызылордада өтті. Ақпарат және даму министрлігі ұйымдастырған жиында жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы бірқатар мәселелер талқыланды. Оған еліміздің барлық өңірлерінен елуге жуық жастар қатысты.

Жиынға келгендер әуелі қызылордалық жастардың инновациялық жобаларымен танысты. Көрмеге өзінің тырнақалды туындысын ұсынғандардың бірі - София Хайрулла. Ол былтыр облыстық идеялар фестивальінде үздік атанған. Соның нәтижесінде 500 данамен комикс кітабын жарыққа шығарған.

София ХАЙРУЛЛА, ҚОРҚЫТ АТА АТЫНДАҒЫ ҚЫЗЫЛОРДА УНИВЕРСИТЕТІНІҢ МАГИСТРАНТЫ:

Бұл кітап балалардың кибер қауіпсіздік негіздерін, ғаламторда өзін өзі ұстай алмайтын ниетін, теріс ақпаратты қарауға жол бермеу кейіпкерлердің мысалдарына негізделген әңгімелерден тұрады. Яғни балалар бұл кітапты оқу арқылы кейбір эмоцияналды интелект қалыптастыра отыр, ақпараттық технологиялар саласы бойынша белгілі бір білім қорына, біліктілікке ие болады.

Елімізде 231 жастар ресурстық орталығы бар. Алайда Талдықорған мен Қызылордада ғана заман талабына сай ғимаратпен қамтамасыз етілген. Алғаш рет көшпелі форматта ұйымдастырылған жиынды Сыр елінде өткізудің негізі себебі де осы. Ал шараның мақсаты - әр аймақтағы орталықтардың түйіткілді мәселелерін талқылап, болашаққа бағдар жасау.

Мәнсия ЕСЕКЕЕВА, ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ ЖАСТАР ЖӘНЕ ОТБАСЫ ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Жастар ресурстық орталығының жалақы мәселесі көтерілген болатын. Үкіметтің жарлығына арнайы пунктпен жалақы жайлы енгізілген болатын. Тағы айта кететін жайт министрлік тарапынан өзіміздің тарапынан хат та, ұсыныс та енгізілуде. Кейбір өңірлер өздерінің жалақысын арттыру мәселесін шешкен болатын. Ал кейбір өңірлерде бұл мәселе әлі күнге қаралу үстінде.

Жиын барысында 2029 жылға дейінгі бекітілген жастар саясаты тұжырымдамасы да талқыланды. Әр аймақтан келген орталық жетекшілері ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Министрлік өкілдері алдағы уақытта өзге де өңірлерге барып, жастар мәселесін көзбен көретіндерін жеткізді. Форумға қатысушылар Байқоңыр қаласында болып, жұлдызшы қалашықтың таңғажайыптарын тамашаларды.