Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Түркістан облысында кимешек киетін әжелер көбейді

21.04.2023ж. 20:00
1954
Түркістан облысында кимешек киетін әжелер көбейді

Түркістан облысының тұрғыны ұмыт бола бастаған бас киімдеріміздің бірі кимешек тігу өнерін жаңғыртып жүр. Он саусағынан өнері тамған төлебилік зейнеткер ұлттық нақыштағы тақия, сәукеле секілді бас киімдермен қатар этно стильдегі сырт киімдерді де тігеді.

Леңгір қаласының тұрғыны Нағима Қалқабаева соңғы он жылдан бері кимешек тігумен айналысып келеді. Он саусағынан өнер тамған жанның ұлттық нақыштағы бас киім тігуде өзіндік қолтаңбасы бар. Анасы тігінші болған ісмер кимешектің түр-түрін тігіп қана қоймай, оның ерекшеліктерін де зерттеп жүр.

Нағима ҚАЛҚАБАЕВА, ІСМЕР:

Біздің кимешектер бәйбіше кимешек, келін кимешек, тоқал кимешек, күң кимешек болып бөлінеді екен. Бәйбіше кимешектер өздерінің дәрежесіне қарай олардың биіктігі де өсе түседі екен, соны байқадық.

Ісмердің қолынан шыққан кимешектердің дені бәйбішеге арналған. Түрі де көп. Әжесінен қалған кимешек өнерді жаңғыртуға сеп болған. Сұраныс артып келеді.

Нағима ҚАЛҚАБАЕВА, ІСМЕР:

80 жасқа келген, 70 жасқа келген, 60-қа келген әжелерінің басына кимешек кигізу рәсімі де көбейіп кетті. Балалары жиналады, қыздары жиналады, сөйтіп кимешекті барып кигізіп апаларына сондай бір дәстүр үрдіс алып жатыр.

Ісмердің қолынан шыққан кимешектерді тұрақты киіп жүрген әженің бірі – Несібелі Рахымжанова. Соңғы он жылдан бері той-жиындарға ұлттық нақышта киініп барады. Көпшілік қызығады.

Несібелі РАХЫМЖАНОВА, ТҰРҒЫН:

Мекке Мәдинада болып қайттым, кіші қажылыққа. Сол кезде барлығы менің осы кимешегіме қызығып, әуретіміздің бәрі жабулы, әдемі. Барлығы қызығып «не деген керемет деп, қазағымыздың дәстүрін жалғап жатыр екенсіздер, бұдан кейінгі әжелер де осылай келуге Алла тағалам нәсіп етсін» деп барлығы қуанышта болды.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Ұлттық нақыштағы киімдерді тігіп, насихаттап жүрген ісмердің қолынан шыққан дүниелер өте көп. Мына менің үстімдегі этностильдегі шапандарды соңғы уақытта көптеп тіге бастапты. Мынадай қысқа жеңді, оюы ерек нымшалар да бар.

Ісмер әжесінің жас күнінде таққан шашбауын да сақтап келеді. Ұрпағына ұлттық өнерді үйретіп жүр.