$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылордада бәйгеден ел чемпионаты өтті

Қызылордада бәйгеден ел чемпионаты өтті

Бәйге десе делебесі қозатын халықпыз. Қызылордада өткен ел чемпионатына жиналғандардың қарасы қалың болды. Құйрық-жалы түйілген жүйріктер ауыздықпен алысып, шабандоздар белін буып алған. Жел¬мен жарысқан Қамбар ата түлі¬гін құрметтеген көпшілік өз бай¬ламдарын айтып, оған қиқу қосты. Дүбірлі сәттің шырайын шығарды. Қай сәйгүлік шашасына шаң жұқтырмады, кімнің үкілеген үміті ақталды? Өңірдегі тілшіміз Мөлдір Тоқтасынқызы айтады.

Бұл 11 жастағы Алдиярдың екінші бәйгесі. Атқа отырғанына көп болмаса да жас шабандоздың қанжығасы майланды. Бірінші орынға тігілген темір тұлпарды тақымына қысты.

Алдияр ЕРДОСҰЛЫ, «АЛАМАН» БӘЙГЕ БОЙЫНША І ОРЫН ЖЕҢІМПАЗЫ:

Демалдырдым да соңғы айналымда шаптым. Одан кейін бірінші келдім. Кейбір кездері бас бермей кеткен кездер болды. Бірақ сонда да тартып отырдым.

Соңғы уақытта аймақта ұлттық спортты дамытуға ерекше ден қойылып жүр. Осы бағытта облыстың абыройын асқақтатып жүрген 16 мыңнан аса спортшы бар.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Облыс спортшылары өткен жылы ҚР чемпионаты мен кубоктарында, әлем және Азия чемпионаты мен кубоктарында жеңіп алған медальдар санымен соңғы 5 жылдағы рекордты жаңартты. Бүгінгі республикалық бәйге жарысы да Сыр елінің мерейін асырып, Ұлттық спорттың өркендеуіне мол мүмкіндік береді.

Ұйымдастырушылар бұл бәйге әлем кубогіне іріктеу ретінде өткізіліп жатқанын айтады. Ал ұлттық спортты әлемдік деңгейде насихаттау басты мақсат дейді.

Исламбек САЛЖАНОВ, ҚАЗАҚСТАН ҰЛТТЫҚ СПОРТ ТҮРЛЕРІ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биылға үлкен жоспар құрып жатырмыз. Тек қана республикалық емес, әлем кубогі, Азия кубогтерін өткізуді біз бір жылда жоспарладық. Ұлттық спорттың артында қазақтың рухы, мәдениеті, тарихы тұр. Сол себептен бір әрі қарай басқа бір деңгейге шығаруға ат салысамыз.

Шабандоздар «Құнан», «Топ», «Аламан» бәйге бойынша сынға түсті. Жеңімдаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Шара соңында ұлттық киім үлгілері бойынша байқау өтті.