Қазір қаланың қақ ортасында тұрсаң да жақындарыңмен жахандық желі арқылы байланысу қиын. Алыстағы ауылдың ахуалы әрине, тіпті мүшкіл. Байланыс аясынан тыс жердегі талай жан әлемнен алыс өмір сүріп жатыр. Бір ғана Қостанай облысында 33 ауылда интернет жоқ. Интернет түгілі, оларға телефон байланысы да бұйырмай тұр. Ал шекара шебіндегі елдімекеннің тұрғындары Ресейге байланған. Бұған дейін сан мәрте айтылып, талай рет мінберде көтерілген түйткілдің түйіні қашан тарқатылады? Тілшілерімізді тыңдайық.
Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:
Қостанай облысында бес жүзден астам ауыл бар. Соның жүз елу бірінде ұялы байланыс нашар. 33 елдімекенде мүлдем жоқ.
Солардың бірі Қостанайдан небәрі 20 шақырым жердегі Рыбное ауылы. Тұрғындар байланыс түйткілінің бәлен жылдан бері шешілмей келе жатқанын айтады.
Жангелді ҚҰТЖОЛОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Біздің ауыл 20 шақырым Қостанайдан. Немерелеріміз, балаларымыз совхозға оқуға барады. Ал дистанционный болғанда интернет жоқ.
Сәрсен КӨПЖАСАРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
Интернет түгілі, жай телефон байланысы ұстамайды. Білмеймін қашан қоятынын.
Жергілікті бидік өкілдерінің айтуынша, алдағы үш жылда Тобыл өңірі толық ұялы байланыспен, интернетпен қамтамасыз етіледі. Жұмыс қарқынды жүріп жатыр,-дейді.
Азамат ҚАШИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АҚПАРАТТАНДЫРУ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕР КӨРСЕТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Екі жүзге жуық ауылға өткіздік былтыр билайн, теле екі компанияларымен бірігіп. Енді биыл тағы жалғастырып жатырмыз. 23 ауылдық елдімекенге билайн орнатады.Сосын 14 базалық станция Қостанай қаласында теле екі компаниясы орнатайын деп отыр.
«Ғарыш» орталығымен цифрлық даму министрлігінің пилоттық жобасы аясында аймақтағы 4 ауыл спутник арқылы тегін интернет игілігін көріп отыр. Ал шекара шебіндегі елдімекен тұрғындары Ресейлік операторларға жүгінуге мәжбүр. Себебі қазақстандық компаниялар қызмет көрсетпейді.
Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:
Шалғайдағы ауылдармен қатар шаһар іргесіндегі кенттерде, тіпті қаланың кейбір аумақтарында телефон байланысы өте нашар. Интернет жөнді ұстамайды. Еліміздің өзге өңірлерінде де жағдай мәз емес екенін көріп, естіп жүрміз. Ол туралы әріптесім Бекболат Сатуов толығырақ айтады.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Заңғар, бұл мәселе бүгін Үкімет отырысында әбден талқыланды. Премьер-министр Әлихан Смайылов жыл басынан бері байланыс және оның сапасына қатысты 5 мыңға жуық арыз-шағым түскенін айтты. Ауыл-аймақты интернетпен қамту жұмысы ойдағыдай нәтиже бермей отыр деді.
Байланысқа жарымай отырғандардың бәрі бірдей шалғай елдімекен тұрғындары деуге келмес. Қарағанды қаласының іргесіндегі ауылдың тұрғындары ағайыннан хат-хабар алу үшін қора-қопшықтың үстіне шығуға мәжбүр. Жексен Әбдіраманов та осылай күнелтіп жүргендердің бірі.
Жексен ӘДБІРАХМАНОВ, ШОПА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Менің өзім біреу активте, бар нөмерім. Екіншісі сол теле2 жақсылау істейді деген соң теле2 ашып алдық. Оның өзі былай ұстамайды. Усилитель связи деген қоямыз тоқпен. Ол да тоққа байланысты. Тоқ жоқ болса связь жоқ. Сонымен жүгіріп жүреміз ана қораның басына, мына қораның басына звондап, бірдеме нетеміз ба, деп оның өзі екі талай дүние.
Министрдің мәліметінше, елімізде жолақты мобильді интернетпен қамтылмаған 1432 ауыл бар. Онда 200 мыңнан астам адам тұрады. Бағдат Мусин осы ауылдарға оптикалық интернет тарту тәсілі өзгеретінін айтты. Премьер-министр жауапты ведмоства басшысына тұрғындарға жай ғана интернет тартып беру жеткіліксіз деді. Оның сапасына да көңіл бөлуді тапсырды.
Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Интернеттің сапасы мен жылдамдығын өлшейтін құралдар жоқ. Инспекцияның өзі жол бойындағы және елді-мекендердегі интернет жылдамдығын өлшей алмайды. Бұл проблемаларды шешу керек. Қазіргі таңда адамдар бірінші кезекте интернеттің сапасына қарайды. Жай ғана желі тартып беретін кезеңнен өттік. Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет.
Бұл мәселелер "Қолжетімді интернет" жобасы аясында шешіледі деді министр. Оптикалық желі тартылып, 300 мың үй интернетке қосылады.
Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:
Қалалық жерлерде нақты қай жерде мобильді интернет жаман ұстайды, сапасыз жерлер нақтыланды. Сол нақтыланған жерлерде біз әкімдіктермен бірігіп, әкімдіктер бізге жер телімдерін беруде. Ал операторлар сол жерлерде антена тректерді құрастырып базалық станцияларды орнатып жатыр. Осы жылы Астана қаласында 67 орын нақтыланған болатын.
Сондай-ақ, биыл Астана, Алматы, Шымкент пен кей облыс орталықтарында ұялы байланыстың жаңа буыны 5G енгізілмек.
Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:
Премьер-министр Бағдат Мусинге бірқатар міндеттер жүктеді. Ең алдымен барлық жердегі интернеттің байланысы мен сапасына мониторинг жүргізуді тапсырды. Бұл мәселе ерекше назарда болмақ.