Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қазақстанда 200 мың адам онкологиялық есепте тұр - депутат

AstanaTV
26.04.2023ж. 12:18
969
Қазақстанда 200 мың адам онкологиялық есепте тұр - депутат

Елімізде жыл сайын 35 мыңнан астам адам қатерлі ісікке шалдығып, 14 мыңнан астам адам көз жұмады, 200 мың қазақстандық есепте тұр. Бұл деректерді депутат Динара Наумова Мәжіліс отырысы барысында айтты.

Депутат онкологиялық ауруларды емдеу мен диагностикалауды ұйымдастыру тәсілдерін дереу қайта қарау қажет деп санайды.

«Біз онкологиялық науқастардың құқықтарын қорғап, олардың сапалы әрі уақтылы емделуіне кепілдік беруіміз керек. Мені онкологиялық науқастарға мүгедектік тағайындау процесі алаңдатады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 40 мыңнан астам онкологиялық ауруға шалдыққан науқас болса, оның тек 16 мыңы (40%) ғана мерзімсіз мүгедектікке ие. Қалған қатерлі ісікке шалдыққандар жыл сайын мүгедектігін дәлелдеуге мәжбүр, бұл тұрғындар арасында үлкен наразылық туғызуда. Кейбір бизнес-процестер мен емдеу хаттамаларын жеңілдету, тіпті жою үшін мүгедектік туралы заңнаманы қайта қарау керек», - Динара Наумова Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында.

Ол емдеу хаттамаларындағы соңғы өзгерістерге байланысты пациенттер химиотерапия алған сайын сынақтан өтуі керектігін еске салды.

«Бұл пациенттер үшін қосымша стресс тудырады және олардың денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін. Бұл процедураны минимумға дейін азайту мүмкіндігін қарастыру қажет», - деді Мәжіліс депутаты.