$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Алматыда бірегей операция жасалды

26.04.2023ж. 20:00
1755
Алматыда бірегей операция жасалды

Донор болу өзгеге өмір сыйлаумен тең. Иә, жақының ауруға шалдықса, қоярға жер таппай, жаныңды беруге даяр боласың. Алматыда да ұлы туған әкесіне донор болып, бауырын сыйлады. Бауыр трансплантациясы «Джампинг» атты ерекше тәсілмен жасалды. Ақ халаттылардың айтуынша, бұл елімізде бұрын-соңды болмаған бірегей операция.

54 жастағы Мейрамбек Мырқиевқа 8 жыл бұрын бауыр циррозы диагнозы қойылған. Содан бері ем іздеп бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Ақыры былтыр дәрігерлер «бауырды ауыстыру керек» деген шешімге келеді. Бірақ, науқастың қақпа тамыры бітеліп қалған. Ал қанның 80 пайызы бауырға осы тамыр арқылы келеді. Қақпа тамырының тромбозы бауыр трансплантациясына кедергі болады. Алайда, Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының дәрігерлері барын салып, науқастың өмірін сақтап қалды. Мейрамбек Мырқиев 16 сағат бойы өмір мен өлімнің арасында арпалысқан.

Мейрамбек МЫРҚИЕВ, НАУҚАС:

Түнде қараңғы болып қалған кезде реанимацияның врачы оятты. «Аға, мені естіп тұрсаңыз, қолымды қыс» деді. Сосын айтты: бәрі жақсы, удачно өтті операция деп. Менікі негізі сложный болған екен. Өмірге қайтадан келгендей боласың. Сөзбен айтып жеткізу қиын.

Науқасқа туған ұлы донор болған. Перзенті әкесіне өз бауырының 65%- ін берген. «Донорлар 100 - ге жуық критерий бойынша таңдалады», - дейді мамандар. Өзінің қандай да бір ауруы, инфекциясы жоқ болуы тиіс. Жасы 18 бен 45 аралығында болғаны жөн.

Еламан ИБРАГИМ, ДОНОР:

Естіген бетте мен бірден келіскем. Ешқандай қиындықтар болған жоқ. Үш этаптан тұратын анализдерді тапсырдым. Ең бастысы, әкемнің өмірін ұзарту болды.

Бірегей отаны еліміздің бас хирургы Болатбек Баймаханов жасады. Айтуынша, күнделікті болып жатқан әр ота – ерекше, біріне бірі ұқсамайды. Тәжірибесі мол маман әр операциясына асқан жауапкершілікпен қарайды. «Бір уақытта науқас пен донордың денсаулығына бірдей жауап беру – хирург үшін оңай емес», - дейді.

Болатбек БАЙМАХАНОВ, А.Н. СЫЗҒАНОВ АТЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМИ ХИРУРГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бұл - дүние жүзінде сирек кездесетін операция. Бұл тромбты алуға ешқандай мүмкіншілік болған жоқ. Сондықтан басқа тамырдан алып, графт жасап, сол арқылы джампинг методикасы арқылы траснплантация жасадық. Ол - өте күрделі операция. Қазақстанда ол бірінші рет жасалып тұр.

Хирург күніне орта есеппен 3-4 операция жасайды. Енді 18 жастағы жігіттің бауырын ауыстырмақ. Донор – туған анасы.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Дәл қазір бұл жерде донордан бауырды алу жұмыстары жүріп жатыр. Кейін оны бірден реципиентке салады. Ал рецепиентті, яғни органды қабылдап алатын адамды келесі бөлмеде дайында жатыр. Мұндай күрделі операцияларды жасау үшін 10 сағаттай уақыт кетеді.

Елімізде трансплантация алғаш рет 2012 жылы өткізілген. Содан бері 2000- нан астам ота жасалған. Соның 14 проценті ғана мәйіттен алынған. Мамандар «мәйіт донорлығын дамыту керек» дейді.

Лейла ИСМАҒАМБЕТОВА, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТРАНСПЛАНТАЦИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚТЫҢ КООРДИНАТОРЫ:

Еговта адамдар өзінің құқығын білдіреді. Ертең қайтыс болғанда донор болуға рұқсатын береді деп. Сөйтіп тіркеледі тірі күнінде. Трансплантация орталықтар бүкіл медициналық сараптама өткізеді, тексереді. Сонда ғана мультидисциплинарная деген группа бар, солай қорытындысын шығарады донор бола алады деген.

Донор дефициті елімізде ерекше байқалады. Ал қаншама ересек пен бала бүйрек, бауыр, өкпе, жүрек, жүрек-өкпе кешені органдарына зәру. 3805 пациент күту парағында тұр.