Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Әлихан Смайылов Иран Президентімен кездесті

AstanaTV
27.04.2023ж. 10:04
976
Әлихан Смайылов Иран Президентімен кездесті

Тегеранда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисидің кездесуі өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, Қазақстан-Иран қарым-қатынасын дамыту мәселесі еліміздің күн тәртібінде ерекше орын алатынын атап өтті.

«Қазір екі елдің үкіметтері жоғары деңгейде алға қойылған міндеттерді нақты жүзеге асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Биылғы жыл екіжақты және көпжақты форматтағы ынтымақтастығымыздың жоғары нәтижемен ерекшеленетініне сенімдімін», — деді Премьер-Министр.

Атап айтқанда, биыл Тегеранда ауыл шаруашылығы бойынша Қазақстан-Иран жұмыс тобының бірінші отырысын өткізу жоспарланған.

Бұл екі ел арасындағы АӨК саласындағы ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін бермек.

Сонымен қатар сауда бағытындағы жұмысты күшейту мақсатында Қазақстанның Ирандағы арнайы сауда өкілін тағайындау туралы шешім қабылданды.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және шекара маңы ынтымақтастығын дамытудағы өзекті мәселелерді, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық бағыттағы ортақ бастамаларды жүзеге асыру жайын талқылады.