Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

"Алаяқтық заңмен қаралады". Димаш Құдайбергеннің атын жамылған кім?

AstanaTV
27.04.2023ж. 10:47
829
"Алаяқтық заңмен қаралады". Димаш Құдайбергеннің атын жамылған кім?

Әнші Димаш Құдайбергеннің атын жамылып, елді сан соқтырып, ақша жинап жүргендер бар. Бұл туралы өнерпаздың әкесі Қанат Айтбаев "Нартай Аралбайұлына" берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Димаш Құдайбергеннің әлеуметтік желіде өткізген тікелей эфирінен кейін әншінің атын жамылып, белгілі бір есепшотқа қаражат жинап жатырмыз деген жарнамалар толып кеткен. Бірақ Қанат Айтбаев әлі ондай шағыммен ешкім хабарласпағанын жеткізді. 

"Өкінішке қарай, алаяқтар бар. Ондай алаяқтар бола да береді. Оны біз үнемі парақшамызда, баспасөз беттерінде жарнамалап айтып жүрміз. Бірақ, ақкөңіл, аңғал халық көп. Белгілі, танымал адамның бейнесі тұрса, соған сенетін кісілер бар. Соның атынан бірнеше күннен соң жойылып кететін өтірік парақша ашып, өзінің арамза істерін жүзеге асыратындар көп. Сондықтан көзі қарақты ағайыннан мән беріп, сақ болуын сұраймын" , - деді Қанат Айтбаев.

Сондай-ақ, Димаштың әкесі мұндай істің заңмен қаралатынын да атап өтті.

"Әзірге ондай ойым бола қойған жоқ. Бірақ, қай нәрсенің де заң аясында жауапкершілігі барын әркім ескеруі керек. Сондықтан өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қылып, әңгіме айтып отыратын адамдар ойлану керек" ,- деді Қанат Айтбаев.

Бұған дейін Димаш Құдайбергеннің атынан жалған лотерея ұйымдастырғандар туралы жазған едік.