Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Алматы облысында мал саудасымен айналысқан ағайындылар зорлықпен өлтірілген болуы мүмкін - Прокуратура

AstanaTV
26.09.2016ж. 20:00
3812
Алматы облысында мал саудасымен айналысқан ағайындылар зорлықпен өлтірілген болуы мүмкін - Прокуратура

Алматы облысында мал саудасымен айналысқан ағайынды үш жігіт зорлықпен өлтірілген болуы мүмкін. Бұл туралы Алматы облысы Жамбыл ауданының прокурорлары мәлімдеді. Олардың мәйіті құмға көмілген жерінен табылған болатын. Ал қазір бұл іске қатысы бар болуы мүмкін 2 адам қамауға алынды. Мал саудасымен айналысқандар ажалы неден болды? Ришат Асқарбекұлы оқиғаның-мән жайын білуге тырысты.

Жоғалып кеткен ағайынды 3 жігітті полиция мен туыстары бір апта іздеді. Олар Ұзынағаш ауылындағы базарға мал сатуға барады. Ертеңіне барлық 42 бас малды әлдекім сатып алатынын айтып, ағайынды үшеу Алматы-Бішкек тас жолына шығады. Саудагерлермен сол сәттен бері байланыс үзілсе керек. Іздеуге еріктілер де кірісіп, Жамбыл облысының Беріктас ауылына барар жолдан мәйіттерін табады. Құзырлы органдар  35 пен 40 жас аралығындағы ағайындылардың денелерін құмның арасынан шығарып алған.

Сағадат Оспанов, Алматы облысы Жамбыл ауданының аға прокуроры:

Өлімнің себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Аталған тұлғалар Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 128 бабының талаптарына сәйкес Жамбыл аудандық ІІБ уақытша оқшаулау изолярторына  қалды.

Прокуратура өкілдерінің айтуынша, марқұмдардың денесінде зорлық белгілер бар. Полиция кісі өлтірді деген күдікпен екі адамның ұсталғанын мәлімдеді.  Олар Жамбыл ауданының екі тұрғыны. Соталды тергеу басталған.  Ал туыстары қылмыстың әділ тергелетінен үміттеніп отыр.

Алмас Бекжан, туысы:

Енді әрқайсысының шиедей жас баласы бар. Осыны бағып отырған үш азаматтың өлгені аянышты.  Бірақ біз мемлекет заңына, прокуратура, сақшыларға шүбә келтірмейміз. Тек іс жабылып қалмаса, деп тілейміз.

Марқұмдардың туыстары Тарбағатай жақтан сатып әкелінген малдың құны шамамен 5 млн теңге болады деп отыр.  Азаматтардың осы ақшаның құрбанына айналып кетуі мүмкін деген күдік бар. Қайтыс болған жігіттердің артында екі-үштен балалары мен кәрі ата- аналары қалған. Бір-біріне туыс болып келетін  марқұмдардың мәйіттері туған жерлері Көксу ауданына жеткізілді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ