$442.85 €480.32 ₽4.94
×

Жол ережесін 68 рет бұзған көлік жүргізушісі ұсталды

AstanaTV
27.04.2023ж. 23:07
927
Жол ережесін 68 рет бұзған көлік жүргізушісі ұсталды

Петропавлда «Lada Priora» автокөлігімен жүріп, өткен жылдың қараша айынан осы жылдың сәуіріне дейін жол қозғалысы ережесін 68 мәрте бұзған жүргізуші анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, Петропавлда «ақылды» бейнекамералардың жұмысын талдай отырып, әкімшілік полиция қызметкерлері қаскүнем бұзушыны анықтады.

Ол шетелдік тіркеуде тұрған «Lada Priora» автокөлігімен жүріп, жарты жылдың ішінде жылдамдықты 68 рет асырып, тоқтау сызығынан өтіп кеткен.

Айыппұлдың жалпы сомасы 1,5 млн теңгені құрады.

35 жастағы шетелдікке қысқартылған тәртіппен 700 мың теңгеден астам ақша төлеуге тура келді.

Полицейлердің айтуынша, осыған ұқсас бірнеше бұзушылық тіркелген.

Жақында Петропавл қаласының полицейлері бір айда белгіленген жылдамдықты 32 рет асырған 22 жастағы жігітті жауапқа тартты.

Саумалкөл елді мекенінде тағы бір «жылдам айдаудың әуесқойы» тоқтатылды. Айыртау ауданының 27 жастағы тұрғыны биыл 16 рет жол қозғалысы ережесін бұзған екен.

Екеуі де ресейлік есепте тұрған «ВАЗ» автокөліктерін басқарған. Олар «ақылды» бейнекамералардың көмегімен анықталды.

Облыста жол қозғалысы ережесін бұзу деректерін автоматты түрде тіркейтін 35 видеожүйе жұмыс істейді. Аппараттық-бағдарламалық кешендер жол-көлік оқиғаларын жиі тудыратын бағдаршамның тыйым салу сигналына өту, жылдамдық режимін бұзу фактілерін анықтайды. Жыл басынан бері мұндай аппараттардың көмегімен СҚО жолдарында 20 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды,- дейді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.