Спорт Қазақстан
$439.4 €473.54 ₽4.76
×

Жамбылдағы жарылыстан жапа шеккен 3 жұмысшының біреуі жансақтау бөлімінде көз жұмды

AstanaTV
26.09.2016ж. 20:00
3392
Жамбылдағы жарылыстан жапа шеккен 3 жұмысшының біреуі жансақтау бөлімінде көз жұмды

Жамбылдағы Меркі мұнай базасындағы жарылыстан қатты күйіп, жансақтау бөліміне жатқызылған 3 азаматтың біреуі көз жұмды. Жеке серіктесікте бас инженер болып жұмыс істеген 46 жастағы Сергей Кимнің денесін 100 пайыз күйік шалған. Оқыс оқиғадан зардап шеккендерді оңалту үшін облыс дәрігерлері Меркіге санавиация арқылы жеткізілген болатын. Алайда, ақ халаттылар жұмысшының өмірін ажалдан арашалау үшін ештеңе істей алмаған. Өйткені науқастың тыныс алу жолдары қатты күйген.

Толқын Өмірбаева, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз бөлімінің басшысы:

Тыныс  алу аппаратына таңылған күйінде өз өзіне келмеген күйінде, қайтыс болды. Қалған 2 науқас аса ауыр хәлде дәрігерлер дің қатаң бақылауында. 100 пайыз күйік шалғандықтан, денелерінің барлық күйігі  термиялық күйікпен, «Баротравма» диагнозы қойылған. Жағдайлары ауыр хәлде. Мамандармен, құрылғылармен, таңу материалдарымен барлығымен жабдықталған.

Қазір отқа оранған мұнай базасына қатысты екі бап бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» және «Еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабы. Еске салайық, оқыс оқиға өткен бейсенбіде кешкі  сағат 18-30 да жанармай құю кезінде болған. Қас қарайған уақытта Меркідегі мұнай базасы отқа оранып, үш адам зардап шекті.  Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің дерегінше,  АИ-92 маркалы бензинді босату кезінде 60 тонналық алып цистерна мен сыйымдылығы 50 куб болатын 2 резервуар өртеніп кеткен. Қойма маңындағы қопарылыстың қатты болғаны соншалық, жақын маңдағы тұрғындар үйлерін тастап, тұра қашқан. Теміржол цистернасындағы тілсіз жауды тез арада тоқтатуға жоғары температура мен жарылу қауіптілігі кедергі келтірген. Қазір оқиғадан зардап шеккен тағы екі науқас өкпенің жасанды желдету аппаратында жатыр. Олар мұнай базасының 42 жастағы электригі мен 48 жастағы дәнекерлеушісі.

Данияр ӘЛІМҚҰЛ