Ақтөбеде де бес жастағы бала терезеден құлап кете жаздады. Абырой болғанда көршілері байқап қалған. Ең сорақысы, еріктілер үйіне барғанда анасы ішімдік ішіп отырыпты. Балаға бас-көз болатынына сенбей қолдау орталығына апарған. Бірақ қабылдамаған. Түннің ішінде полиция мен еріктілер балақайды қайда апарарын білмей қиналыпты. Мәселенің мән-айын тілшіміз Бақыт Рахметова білді.
Бұл отбасыны еріктілер жақсы біледі. Бұған дейін де кішкентай Сашаны анасы бірнеше рет әр жерде қараусыз тастап кетіпті. Осы жолы көршілер баланың үшінші қабаттағы терезеге шығып тұрғанын айтып хабарласқан. Еріктілер мекен жайға келіп жаға ұстатар жағдайдың куәсі болған.
Екатерина ГОЛОТИНА, «ДОБРО»ЕРІКТІЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біз келгенде үйде төрт ересек адам болды. Бәрі мас. Әйелдің біреуі көк ала қойдай сабалған. Денесінің сау жері жоқ.
Анықталғандай, анасының да баланың тегін растайтын ешқандай құжаттары жоқ көрінеді. Үш жыл бұрын жоғалтып алыпты. Бұған дейінгі екі баласына ата-аналық құқынан айырылған екен. Жағдай қайталанып тұрған соң полицейлер баланы дереу орталыққа әкелген.
Екатерина ГОЛОТИНА, «ДОБРО»ЕРІКТІЛЕР ҰЙЫМЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Полиция әкелсе баланы Аяла қабылдамаған. Орын жоқ. Үйіңе қайта апарып таста депті. Бұл не сұмдық. Мұндайды бірінші рет көріп тұрмыз. Қалалық білім бөлімінің бастығына звондағаннан кейін ғана баланы орталыққа қабылдады. Біз шок болдық.
Ал Аяла орталығының басшылығы полицияның құжаттарында тек «жеңіл ішімдік ішкен» деген ғана болды. Біз баланың отбасындағы жағдайы туралы білмедік деп ақталып отыр.
Жаңылсын НҰРҒАЛИЕВА, «АЯЛА» ӨМІРЛІК ҚИЫН ЖАҒДАЙДАҒЫ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Ол ер баланы келген кезде. Қандай себеп дегенде. Ата-анасы ішіп жатыр деді. Әкелген құжаттар «легкий степени» көрсетіліп тұр деді. Содан кейін облыстық білім басқармасы оның отбасы жағдайында бірнеше адам ұйымдасқан түрде сондай болып жатыр дегенді айтты. Кейін фотосын жіберді. Сол жерде қабылдаңыздар дедім.
Жалпы «Аяла» орталығы тек қырық балаға шақталған. Қазір орталықта 42 бала бар. Бір облыс үшін бір орталықтың аздық ететінін мамандарда растап отыр.
Еділ АЙМАҒАМБЕТОВ, ОБЛЫС БОЙЫНША БАЛА ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ УӘКІЛІ:
Мәселе көтеріліп жатыр. Алдағы уақытта жаңа ғимарат бөлінеді деген үміттеміз.
Ал кішкентай Саша әзірге осы орталықта болады. Оның алдағы тағдырын енді қала әкімдігі жанындағы Қорғаншылық және қамқоршылық комиссиясы шешетін болады.