$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Үкіметте ҚР азық-түлік қауіпсіздігін нығайту шаралары талқыланды

AstanaTV
29.04.2023ж. 11:19
978
Үкіметте ҚР азық-түлік қауіпсіздігін нығайту шаралары талқыланды

ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес отырысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша ұсыныстар мен ҚР азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қаралды.

Қазақстан өңірлік және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлкен үлес қосып отыр.

Республика астық дақылдарын экспорттайтын әлемдегі 10 ірі ел қатарында.

Атап айтқанда, былтыр Қазақстан алғаш рет посткеңестік елдерді артқа тастап, азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде 32-орынға жайғасты.

«Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саясаты ең алдымен, ішкі нарықты отандық азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуге бағытталған. Былтыр 2024 жылға дейінгі Азық-түлік қауіпсіздігі жоспарын қабылдадық. Ауыл шаруашылығын әртараптандыру аясында 2030 жылға дейінгі АӨК-ті дамыту тұжырымдамасы жүзеге асырылуда», – деді Әлихан Смайылов.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды факторлардың бірі – климаттың өзгеруіне бейімделу процесі. Бұл мақсатта Қазақстанда баламалы энергия көздеріне кезең-кезеңімен көшу және энергия тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

«Сондай-ақ біз үшін су және жер ресурстарын тұрақты басқару – өте маңызды бағыттар. Қазір Президент тапсырмасына сәйкес жаңа Су кодексі әзірленіп жатыр. Егін алқаптары құрылымын әртараптандыру бойынша жұмыстар жалғасуда және суармалы жерлерді ұлғайту бойынша белсенді шаралар жүзеге асырылуда», – деп атап өтті ол.

Бұл бағытта ескі суару жүйелерін жаңғырту жобалары да жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар жаңа ирригациялық нысандар құрылысы жоспарланып отыр.