$518.97 €607.3 ₽6.64
×

Ресей қазақстандық абитуриенттерге тегін білім гранттарын көбейтті

AstanaTV
06.04.2016ж. 20:00
2380
Ресей қазақстандық абитуриенттерге тегін білім гранттарын көбейтті

Қазақстандық талапкерлер үшін білім бәсекесі жақындап келеді. Ал көрші Ресейдің жоғарғы оқу орындары біздің жастарды қазірден-ақ қызықтыра бастағандай. Мейлінше тиімді ұсыныстары мен оқу ақысында төмен бағаны былай қойғанда, Ресей қазақстандық талапкерлерге арналған білім гранттарын да көбейтті. Қарағандыда өткен жоғарғы оқу орындары көрмесінде бұл елдің 6 бірдей беделді білім ошағы өз қызметтерін ұсынды.

Ресейде өзге емес қазақстандықтарға арналған тегін білім гранттары бірнеше есеге көбейген. Оған қоса үздіктерге артықшылықтар қарастырылып отыр. Мұның бір мысалы - Батыс Қазақстан облысында өткен жылы 4 бала Ресей университеттеріне тегін оқуға мүмкіндік алса, биыл олардың саны 40-қа жеткен.

Юрий Пономарёв, Оралдағы Ресей Федерациясының вице-консулы:

Талапкер квота қарастырылған 5 жоғары оқу орнының арасынан өзіне ұнағанын таңдайды. Біз өз тарапымыздан баспана тауып беру, шәкіртақы төлеу мәселелерін шешеміз. Жастардың онда білім алуына жағдай жасалғанымен, Ресей азаматтығы берілмейді. Олар Қазақстан азаматы болып қала береді.

Ресей жоғарғы оқу орындары қазақстандық талапкерлерді қызықтыруды соңғы 10 жылдан бері жүргізіп келеді. Жыл сайын өтетін «Талапкер» көрмесіне үзбей қатысатыны да содан. Бұл жолғы шараға 7 мыңдай оқушы келіп, оқу орындарының мән-жайымен танысты.

Айжан Қуаш, тілші:

Түлектер білім нарығына шығып, өз қызметтерін ұсынуға үйренген оқу орындарымен танысты. Олар - 14 колледж, 15 университет. Оның 6-ауы Ресейдікі. Ұйымдастырушылар көрменің мұндай ауқымдылығы оқушыларға дұрыс таңдау жасауға септігін тигізеді деген үмітте.

11 сынып оқушысы Манас әскери инженер болуды армандайды. Ол бүгін оқу орындарындағы мүмкіндіктерді саралап көрді. "Қазақстан университеттеріндегі аспандап тұрған оқу ақысын көріп, сескеніп қалдым" дейді.

Манас Елеубаев, талапкер:

Қазақстанда 500-600 мың болса, Ресейде 160 мың арзан. Қазақстанда грантқа түспей жатсам, Ресейге барам деген ойым бар.

Ресей жоғарғы оқу орындарының өкілі Елена Фролова түлектерді қашықтықтан оқытуға да болатынын айтады. Оның бағасы тіпті арзан екенін жасырмайды. Сәйкесінше, қашықтықтан білім алғысы келетін қазақстандық талапкерлер жеткілікті көрінеді.

Елена Фролова, Ресей жоғарғы оқу орындарының менеджері:

Жұмыс істей жүріп, оқығысы келетіндерге бұл өте ыңғайлы. Оқу ақысына келсек, магистратура 200 мың, бакалавр - 160 мың теңге.

Қарағандыда мамандық алудың тым қымбат екеніне біз де көз жеткіздік. Университеттерде оқу ақысы 300 ден 600 мың теңге аралығында. Колледждерде шамамен 180 мың теңге. Ал Ресейде оқу ақысы 30-40 пайызға төмен. Түлектер әсіресе техникалық мамандықтар мен сән, дизайн саласына қызығады. Алайда, отандық оқытушылар мәселе бағада емес, білім сапасында, дейді.

Аристотель Исағұлов, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің бірінші проректоры:

Абитуриенттер қарау керек, қандай білім береді. Ал Ресейде олар өнеркәсіпке жолдама ала алмайды. Ал, бізде өнеркәсіпте жұмыс істеу керек. Сол үшін біздің күллі ЖОО, университеттер осындай сапаға жұмыс істейміз.

Былтыр батыс қазақстандық 4 түлек Ресей жоғары оқу орындарына оқуға түссе, биыл 40 адамның бағы жанған. Яғни шетелде білім алуға ниеттілер көп. Ал диплом алған жастардың жұмысқа орналасуы - өз алдына бөлек әңгіме.

Айжан ҚУАШ