$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Еліміздегі сумен жабдықтау жүйелерінің өндіріс барысын автоматтандыру ұсынылды

AstanaTV
02.05.2023ж. 14:45
1372
Еліміздегі сумен жабдықтау жүйелерінің өндіріс барысын автоматтандыру ұсынылды

2022 жылы еліміздегі қалаларда сумен жабдықтау қызметтері 98,4%-ға, сондай-ақ ауылды жерлерде 94,5%-ға қолжетімді болды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтып берді.

Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, қазір Қазақстанның 9 өңірінде қала халқының сумен қамтамасыз етілу көрсеткіші 100%-ға жетіп отыр.

«Сумен жабдықталу деңгейі төмен өңірлерге басым түрде қаражат бөлініп, бұл аталған бағыттағы жұмысты қарқындатумен бірге тиісті көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік беретінін айта кетейік», деді Марат Кәрімжанұлы.

Ведомство басшысы айтқандай, таза сумен қамтамасыз етуде Жамбыл (91,9%) облысындағы қалалар мен Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылдарында баяу динамика байқалып отыр.

Бұл ретте биыл сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салып, жаңғырту жөніндегі 400-ден астам жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 280 млрд теңге бөлінгенін айта кеткен орынды. Осы арқылы жыл соңына дейін қалалардағы сумен қамтамасыз етілу көрсеткішін 98,8%-ға, ал ауылды елді мекендерде 96,3%-ға жеткізу көзделген.

Сонымен қатар М.Қарабаев су тазарту жүйелерінің қауқарын арттырып, магистральды су құбырларын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға да тоқталды.

«Таза суды тарту бойынша кезеңдік жоспар әзірленіп, соған сәйкес барлық елді мекен қамтылатын болады. Әрбір қалалық және ауылды елді мекенге байланысты мониторинг жүргізіліп келеді. Оның ішінде іздестіру-барлау жұмыстары, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және құрылыс-монтаж жұмыстарын іске асыру мәселелері бар», деді министр.

Бұған қоса ҚР ИИДМ-нің басшысы су ресурстарын үнемдеу мақсатында сумен жабдықтау, суды бұру және оны тазартатын жүйелердің өндіріс процестерін автоматтандыруды ұсынды. Бұл арқылы су арналарының барлық кезеңінде қажетті ресурсты есепке алудың кешенді жұмысы жүргізілмек.

«Сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің гидромоделін құру үшін барлық өндіріс учаскесінде судың көлемін өлшейтін жабдықтарды орнату қажет. Өз кезегінде автоматтандыру ісі су арналарының алдағы уақыттағы шығындарын азайтуға, сондай-ақ тиімді даму моделін жолға қою арқылы су инфрақұрылымын салып, жаңғыртуға жұмсалатын мемлекеттік қаражатты үнемдеуге септеседі», деді М.Қарабаев.