$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Адамсенгісіз аңыздар". Ғабидолла Әбдірахымов алғаш рет Лондондағы атышулы видеосына пікір білдірді

AstanaTV
03.05.2023ж. 15:16
1094
"Адамсенгісіз аңыздар". Ғабидолла Әбдірахымов алғаш рет Лондондағы атышулы видеосына пікір білдірді

Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Лондондағы атышулы видеосына қатысты алғаш рет пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Айта кетейік, 2019 жылы Ғабидолла Әбдірахымовтың Лондонда жүріп түсірген видеосы қызу талқыға түскен болатын. 

"Лондон - әлем астанасы, оны дәлелдеудің қажеті жоқ, әрине. Бірақ мен Қазақстанды көбірек жақсы көремін. Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп, әлемге саяхат жасау керек. Нағыз бақыт осы секілді. Әсіресе, бізге - өз отанының патриоттарына", - деген еді әкім видеода.

Осы видеодан кейін Әбдірахымов Шымкент әкімі лауазымынан босатылған болатын. 

Әбдірахымов әлі күнге дейін өзіне қатысты түсініксіз жайттардың, атап айтқанда Лондоннан жасаған "атышулы" бейнежазбасына қатысты алыпқашпа әңгімелер айтылып жүр екен. 

"Адамсенгісіз аңыздар мен жорамалдарға ұласып, басылатын түрі жоқ. Лондондағы жылжымайтын мүлкім туралы дақпырт бір мысалы ғана. Әйтпесе, менде де, менің жақындарымда да шетелде мүлдем баспана болған емес. Осы уақыт ішінде мен жекелеген блогерлер мен журналистердің көпе-көрінеу жалғандық пен нақақ жалаға құрылған жазбаларына назар аудармауға тырысып келдім.
Бірақ неғұрлым елемеген сайын, менің абырой-беделіме нұқсан келтіру үшін әдейі өршітілген жалған ақпараттар да өртеңге шыққан көк шөптей соғұрлым қаулап барады. Шамасы, авторсымақтар өтірікті судай сапырған сайын, оған иланатындардың қатары да молая түседі деген принципті мықтап ұстанатын секілді", - дейді экс-шенеунік.

Әбдірахымов 2019 жылдың маусымда Лондонға не үшін барғанын түсіндірді.

"Мен Еуропалық Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) шақыруымен Лондонға үш күндік қызметтік іссапарға ұштым. Сапардың мақсаты Шымкентте екі кәріз тазарту құрылысын (КОС) салу үшін ЕҚДБ-мен инвестициялар тартуға арналған Меморандумға қол қою болды. Өйткені қалада жұмыс істеп тұрған кәріздік тазарту жүйелерінің қуаты жеткіліксіз еді. Мемлекеттік бюджеттен бұл мақсаттарға қаржы көзделмеген болатын. Лондондағы қорытынды келіссөздердің нәтижесінде ЕҚДБ вице-президентімен осы мәселе бойынша біз тиісті Меморандумға қол қойдық. Бұл Шымкенттің дамуы мен оның тұрғындарының әл-ауқаты үшін аса маңызды құжат еді", - дейді ол. 

Осылайша экс-шенеунік барлық қызметтік мәселені шешкеннен кейін қаланы аралап, оның көрікті жерлеріне серуендеп қайтуды шешкен. 

"Естеріңізде болса, сол кезде қазақстандық жастардың шетелдерге қоныс аударуы туралы көптеген жарияланымдар шығып жатты. Мен осы тұрғыда өзімнің азаматтық ұстанымымды білдіре кетуді жөн санадым", - деп түсіндірді Әбдірахымов.