Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстанға ресми сапармен келді. Биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасқа 30 жыл. Тараптар ынтымақтастықты нығайта түсуге ниетті. Тауар айналымын арттыруға, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларын бірлесе дамытуды талқылады. Екі ел басшысы маңызды құжаттарға қол қойды.
Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық сән салтанатымен қарсы алды. Құрмет қарауылы сап түзеп, оркестр қос елдің әнұранын орындады. Мұнан соң, президенттер шағын құрамда кеңесті. Онда тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саланы дамыту жайын талқылады.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Ұзақ жылдардан бері Қазақстан – Тәжікстанның екінші ірі сауда серіктесі. Тек былтырдың өзінде екі жақты сауда айналымы 18,5 пайызға артып, 1,4 миллиард долларға жетті. Қазіргі жағдайда бұл – жақсы нәтиже. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және басқа да салалардағы бірқатар экономикалық жоба жүзегее асырылу сатысында тұр.
Биыл Қазақстан мен Тәжікстан өзара сауда көлемін 2 млрд долларға дейін арттыруды көздеп отыр. Оны ел үкіметтері мұқият қадағалап отыруға тиіс деді,-президент. Ал Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон қазақ халқының қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ ол шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.
Эмомали РАХМОН, ТӘЖІКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Тәжікстан мен Қазақстан – стратегиялық әріптестер, біздің қарым-қатынастарымыз тұрақты түрде дамып келеді. Біз оны одан әрі нығайтуға үлкен мән береміз. Қазақстан бүгінде басты сауда серіктестеріміздің арасында екінші орында. Былтырғы тауар айналымының өсімі 20 пайыздан асты. Біз басқа салаларда да қарқынды диалог жүргіземіз.
Бұдан соң тараптар кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Кездесуде Екі ел арасында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойылды. Бұл ынтымақтастықтың жаңа деңгейі деді, - Президент. Осы арқылы жаңа стратегиялық жобалар жүзеге асырылмақ.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мемлекеттеріміз арасында барлық деңгейде сенімді саяси диалог жолға қойылған. Біз Орталық Азияның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, бірнеше халықаралық құрылым аясында өзара іс-әрекет жүргіземіз. Екі ел арасында түрлі сала бойынша 100-ден аса келісімшарттан тұратын маңызды келісімшарттық-құқықтық база бар. Бүгін бұл тізім жаңа келісімдермен толығады.
Келіссөздерден соң президенттер екі ел арасында екі-үш стратегиялық жоба әзірлеуге уағдаласты. Оны ел үкіметтері жүзеге асырады. Осылайша жақын күндері екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріледі деді,- президенті. Осыдан соң мемлекет басшысы екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан айрықша үлесі үшін Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонды еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградасы – «Алтын Қыран» орденімен марапаттады.