Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Ұлттық банк алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ескертті

AstanaTV
05.05.2023ж. 15:54
1066
Ұлттық банк алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ескертті

Ұлттық банк инвестициялық жобалар саласында алаяқтықтың жаңа түрлері шыққанын ескертті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Ұлттық банк алаяқ топтар көбейгенін ескертеді. Мұндай топтар биржа саудасында тез ақша табудың қарапайым тәсілдерін сипаттайтын жарнамалық роликтерге толы сайттар мен мобильді қосымшаларды жасайды. Алайда олар сипаттайтын қаржылық дамуға қатысты бағдарлама шын мәнінде жоқ.

"Мұндай ресурстар әлеуметтік желілерде, соның ішінде YouTube видеохостингінде жарнама арқылы белсенді түрде насихатталып жүр.
Алаяқтық негізге құрылған мұндай сайттарда танымал тұлғалардың атынан жалған ақпарат, қолдан жасалған лицензиялар мен басқа да құқық белгілеуші құжаттар болады. Адамның әсерін күшейтіп, пайдаланушының сенімін арттыру үшін мұндай ресурстар инвестициядан түсетін болжамды пайданың калькуляторын да орналастырып қояды", - делінген хабарламада.

Мысалы, кейбір анықталған алаяқтық схемаларда биржалық саудада ақша табу үшін сайтта тіркелу кезінде ақшалай салымды талап етеді. Осыдан кейін алаяқтар өз құрбанына сауда шоты ашылғаны туралы Ұлттық банк атынан сертификат жібереді. Ол сертификатта Ұлттық банктің логотипі, жалған қойылған қолдар мен мөрдің суреті және Ұлттық банктің жалған қызметкерлері туралы ақпарат болатыны айтылды.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Ұлттық банк мұндай ресурстарда алаяқтық әрекеттердің айқын белгілері бар екенін мәлімдейді, себебі:

Ұлттық банк жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, ақшалай есеп айырысу мен мәмілелер жүргізбейді;

Ұлттық банк мемлекеттік қорлардан табыс табу үшін қандай да бір платформаларды әзірлеуге қатыспайды;

ресурстарда қысқа уақыт ішінде жоғары пайдаға жалған кепіл беретін ақпарат қамтылады, сондай-ақ байланыс дерегі жоқ;

алаяқтар бейресми нөмірлерден белсенді түрде қоңырау шалып, жалған құқық белгілейтін құжаттарды ұсынады;

іс жүзінде активтерді инвестициялық басқаруға лицензиясы бар ұйымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми сайтында жарияланған.

Егер сіз немесе сіздің танысыңыз алаяқтардың әрекетіне тап болса, іс жүргізу үшін құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгіну ұсынылады. Кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі бойынша Ұлттық банктің байланыс орталығына хабарласуға болады.