$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Рейхстагқа шабуыл жасаған сарбаздардың бірі Түркістан облысында тұрады

AstanaTV
09.05.2023ж. 14:46
899
Рейхстагқа шабуыл жасаған сарбаздардың бірі Түркістан облысында тұрады

Түркістан облысында Рейхстагқа шабуыл жасаған ардагер тұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Түркістан облысының тұрғыны Немет Абдрасилов Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Рейхстагқа шабуыл жасаған жауынгерлердің арасында болған. Бұл ерлігі мен батырлығы үшін ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды.

Кейін жауынгер 1-гвардиялық артиллериялық дивизия құрамында нысанашы, зеңбірек командирі болды. Сталинград, Курск, Украина, Беларусь, Польша қалаларын азат етуге қатысты. Жанқиярлық ерлік көрсеткен жауынгер «Қызыл жұлдыз», І және ІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және басқа да 24 медальмен марапатталды.

«Мұндай соғыс енді қайталанбасын. Әлемге бейбітшілік тілеймін. Құрмет көрсетіп, мерекеде марапаттап жатқан жандарға алғысым шексіз. Біз ауыр тағдырды бастан өткердік. Бүгінгі ұрпақ бақытты ғұмыр кешсін», - деді майдангер.

Немет Абдрасилов 1922 жылы 1 қаңтарда Түркістан қаласында дүниеге келген. Соғыс аяқталған соң Түркістан қаласы милициясында және Түркістан қаласының автобазасында жүргізуші болып жұмыс істеді. Ардагер 5 ұл, 1 қыздан, 20 немере мен 18 шөбере сүйіп отыр. Қазіргі таңда ұлы Эльмурат Абдрасиловпен бірге тұрады.

Кеше Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев 101 жастағы ардагер Немет Абдрасиловтың үйіне арнайы барып, мерекемен құттықтаған болатын.

«Жас ұрпақ үшін сіздей ардагерлердің ерлікке толы өмірін насихаттау маңызды. Екінші дүниежүзілік соғыста біздің аталарымыз, апаларымыз Отан алдындағы аманатқа адал болды. Берлин төрінде Жеңіс туын тікті. Осы жеңімпаз топтың қатарында сіз де барсыз. Біз елі қорғаған майдангерлерге әрқашан құрметпен қараймыз», - деген Бейсенбай Тәжібаев ардагерге сый-сияпатын тапсырды.