Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Ұлыбританияны мойындатқан атыраулық ​суретші - дизайнер қазақ халқының тарихи тұлғаларын насихаттап жүр

AstanaTV
09.05.2023ж. 19:39
1697
Ұлыбританияны мойындатқан атыраулық ​суретші - дизайнер қазақ халқының тарихи тұлғаларын насихаттап жүр

Digital Art стилінде картиналар салатын Назерке Ищанова өзінің заманауи өнері ​ арқылы, қазақтың дара тұлғаларын жастар арасында дәріптеп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Жуырда Назерке салған Исатай Таймановтың "Мұнар күн" картинасы Ұлыбританияның ​ Лондон қаласында өткен халықаралық "Алтын таланттар уақыты"​ байқауында бірінші орынды жеңіп алды.

Әлемнің 39 елінен 200-ге жуық суретші қатысқан конкурста осылайша, қазақ қызының өнері озық шықты.

Былайғы күндері де әлеуметтік желіде ерекше картиналарымен бөлісіп отыратын ​ Назеркеден біз туындыларын тарихи тұлғаларға арнауының себебін сұрадық. "Атырау – Ақпарат" медиахолдингінде тапсырыспен шығатын кітаптардың дизайнын жасайтын талантты қыз алғашқы қадам Исатай Тайманов туралы кітапты көркемдеуден басталғанын айтты.

"Маған Исатай батыр туралы ерекше кітап дизайнын жасау туралы тапсырма берілді. Тарихта аты қалған батыр баба туралы еңбекті ​ бар өнерімді салып безендірдім. Бірақ, батырдың суретін табуға келгенде қиналып қалдым. Интернетті ​ әрлі-берлі ​ шарлап іздегеніммен, сапалы суретін таба алмадым. Кейін бөрікпен тұрған сапасы нашарлау суретін таптым. Бірақ, ​мен жасап отырған кітапқа Исатайдың батыр бейнесіндегі суреттер керек еді. Мұхит Ғалымов деген атыраулық суретшінің салған суретіне​ ​ қарап отырып, батырдың басына дулыға кигізіп, суретті ​ салып шықтым. Тарихи тұлғалардың қай-қайсының суретін іздесек те, заманауи форматта жасалған суреттерді табу қиын. Мен батырларымызды, зиялы тұлғаларымызды өзімше зерттеп, ізденіп, бейнелерін заманауи форматта суреттеуге тырысып жүрмін", - дейді Назерке.

Назерке бастапқыда ​ суреттерді бояумен салған екен.

"Өмірге кішкентай сәбилерім келгеннен кейін, краскамен жұмыс істеу ыңғайсыз болып қалды. Кейін суреттерді қара қарындашпен салуға көштім. Уақыт өте келе планшет арқылы сурет салуды үйреніп алдым.​ Қазір мен Digital Art ​ стилінде сурет салып жүрмін. ​Сурет салуға арнайы уақыт бөлмеймін. Бірақ, шабыт келген уақытта мейлі ол түннің ортасы немесе таң болсын, тезірек санамдағы дүниені салып тастауға асығамын" дейді Назерке.

Қазіргі уақытта Назерке "Қыр баласы" атты қоғамдық ұйымда ерікті болып еңбек етіп жүр. Ұйым мүшелерімен бірге, Алаш тарихын зерттеп жүрген талантты қыз – ұлт тарихына қатысты талай керемет дүниелердің жарыққа шығуына себепкер болатынына сенімді.

​Digital Art ​ стиліндегі 50-ден аса картинаның авторы Назерке Ищанова өзі салған дүниелердің қазақ руханиятына қызмет ететініне сенімді.