$533.61 €621.07 ₽6.78
×

ОПЕК мұнай өндірісін азайтуға келісті. Қашаған сынақ режимінде іске қосылды

AstanaTV
01.10.2016ж. 20:00
1710
ОПЕК мұнай өндірісін азайтуға келісті. Қашаған сынақ режимінде іске қосылды

«Голдман Сакс груп» (The Goldman Sachs Group, Inc.) әлемдегі ірі инвестициялық банктердің бірі, нарықтық капитализациясы 77,7 млрд доллар қаржы конгломераты, ОПЕК-ң мұнай өндірісін қысқарту туралы шешімі отынның бағасын аз ғана уақытқа ұстап тұра алады, деп есептейтінін жазды, ақпарат құралдары. «Мұнай өндірісі азайтылып, бағаны ұстап тұрса да, орта мерзімді болашақта бәрібір құлайды, себебі әлемде ауқымды бұрғылау жүріп жатыр», - деген.

Осы аптаның ортасында ОПЕК – ке мүше елдер мұнай өндірісін тәулігіне 33 млн баррельге дейін яғни, қазіргіден 700 мың баррельге азайтуға уағдаласқан. Алжирде өткен бейресми кездесуде картель 2008 жылдан бері бірінші рет консенсусқа келіп отыр. Алайда Иран бойынша нақты шешім қабылданбаған. Олардың санкция бұғауынан босаған соң, мұнай өндірісін азайтпақ түгілі, көбейтетіндерін мәлімдеп келе жатқандары белгілі. Reuters агенттігі Сауд Арабиясының энергетика министрі Халиф әл-Фалихқа сүйеніп, Иран, Нигерия және Ливияға «ақылға қонатын деңгейде» өндіруге рұқсат берілетінін хабарлады.

ОПЕК шешімінен соң мұнай бағасы 5 пайызға көтерілген. Brent маркасының баррелі 48,94 долларға дейін.

 Картель ұйымға енбейтін мұнайлы елдерді өндірісті азайту туралы келісімге қосылуға шақырып отыр. Ал Қазақстан бейсенбіде Қашаған кен орнын сынақ режимінде іске қосты. Бұл туралы кеніштің операторы NCOC компаниясына сілтей отырып, Интерфакс жазды. «Қиынға соққан жөндеу және іске қосу жұмыстарынан соң нысанның кейбір бөліктеріне, оның ішінде жаңадан ауыстырылған құбырларға көмірсутек жіберілгенін NCOC растайды. Қосымша ақпарат өнім тұрақты алына бастаған кезде беріледі»,- компания хабарламасында осылай деген.

 Естеріңізге сала кетсек, Энергетика министрлігі бұған дейін, Қашағаннан мұнай қыркүйектің аяғында, қазан айының басында алына бастайды, деп мәлімдеді. Министр Қанат Бозымбаев алғашқы мұнайды қазанның 15-23 аралығында жөнелтеміз деп нақты күндерді де атаған еді.

Соңғы 50 жылда ашылған ең ірі кен орнында мұнай өндіру жұмыстары 2013 жылдың 11 қыркүйегінде басталды. Алайда құбырлардан газ кетуі салдарынан екі аптадан соң бар шаруа тоқтап қалды. 2014 жылы жоба операторы «North Caspian Operating Co» ұзындығы 200 шақырым болатын газ және мұнай құбырын толық ауыстыру керектігін хабарлаған.

Нəдір Нəдіров, "Мұнай жəне газ" журналының бас редакторы, КСРО құрметті мұнайшысы:

 Мамандар дайындау керек. Жауапкершілік жоғары болса, осындай қателерге жол берілмейді. 2013 жылы жібергенде труба ана жерден жарылды, мына жерде жарылды – кім жауап береді? Бір ғимаратты салады, 2-3 айдан соң құлап қалады. Кім кінәлі?  Жауапкершілік болса, 2013 жылы мұнайды ала бастар едік.

 Сәл бұрын NCOC басшылары ағымдағы жылдың соңына дейін яғни 2-3 айдың ішінде жарты млн тонна, ал келесі жылы 5-6 млн тонна өндіретіндерін хабарлаған. Энергетика министрінің биыл 76 миллион көлемінде мұнай өндіреміз деп сенімді түрде жария қылуы Қашаған кенішін басқарушылардың сол, өндірісті бастап кетеміз дегеніне орай айтылған есеп. Ал өндіріс кідіріссіз жұмыс істей ме? Кідіріссіз жұмыс істегеннің өзінде табыс ел бюджетіне ғана құйылмайды. 100 млрд доллардай инвестиция салынып, әлемдегі ең қымбат кеніштердің біріне айналған Қашағандағы үлесіміз 16,5 пайыз ғана. Қалған пайда Батыс елдері мен Қытайға кетеді. Екіншіден, позициясы әлсірей бастаған «мұнай дәуіріне» байланысты тағы бір штрих: Парижда тұрып жұмыс істейтін қазақстандық қаржыгер Берлин Иришев «Ратель» порталына жазған мақаласында Парсы шығанағындағы 6 мұнай мемлекетінің ағымдағы жылы бюджет тапшылығы 153 млрд долларға жеткеніне тоқталған. Оның жартысынан астамы немесе 84 млрд доллары «ертегі елі» саналатын Сауд Арабиясына тиесілі екен. Бұл мемлекеттердің мұнай экспортынан кірісі 2013 жылғы 735 млрд доллардан қазіргі 365 млрд долларға дейін азайған. «Қазір олар жаңадан салықтар енгізу керек пе, әлде әлеуметтік шығындарды азайтуға керек пе» деп, бастары қатып отыр,- дейді, сарапшы. Тоқыраудың себебі мұнай бағасының құлдырауы ғана емес, бұл саладан инвесторлар кетіп жатыр. Былтыр инвестициялар 26 пайызға азайса, биыл тағы 22 пайызға азаймақ.