Елімізде баспана бағасы арзандады. Оған не себеп? Ал 1 миллионнан астам азаматтың есепшоты бұғатталуы мүмкін. Бұл шектеу кімдерге қатысты? Осы және өзгеде ақпараттар толығырақ "Экономика" топтамасында.
Соңғы бір айда тұрғын үй нарығында арзандау байқалды. Бұл туралы Ұлттық статистика агенттігі хабарлады. Жаңа баспананы сату бағасы 0,6%, пәтерлерді қайта сату 1,5% төмендеген. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу құны алдыңғы аймен салыстырғанда арзандады. Сондай-ақ, тұрғын үйді сатып алу мен сату көбейген. Мәселен, сәуірде сатып алу-сату бойынша 32 мыңға жуық мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 мың және пәтерлер бойынша 23 мыңнан астам келісім жасалған. Осылайша сату және сатып алу көрсеткіші 29 %-ға өскен.
26 мамырдан бастап 1 айлық есептік көрсеткіш яғни, 3450 теңгеден астам салық берешегі бар борышкерлердің тізімі сот орындаушыларға жолданады. Заңғамаға сәйкес, олардың банктегі есепшоттары бұғатталады. Ал егер қарызы 138 мың теңгеден асса, елден шығуына тыйым салынады. Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, бүгінде мүлік пен көлік салығын төлемеген 1 млн астам қазақстандық бар. Олардың жалпы қарызы 29 млрд теңгеге жеткен. Оның 90 пайызы - көлік салығына тиесілі.
АҚШ-та болуы ықтимал дефолт әлемді дағдарысқа ұшыратады. Құрама Штаттар президенті Джо Байден осылай деп мәлімдеді. Оның үстіне мұндай жағдай Вашинтгонның халықаралық беделіне нұқсан келтіреді. Байден қазіргі дағдарысқа республикалықтарды айыптады. Бұған дейін Конгрестің төменгі палатасын басқаратын республикалықтар мемлекеттік қарыз шегін 1,5 триллион долларға ұлғайту үшін бюджеттік шығындарды қысқартуды ұсынды. Дегенмен Сенат бұған қарсы шықты. Бұл мәселе бойынша ортақ келісім жасалмаса АҚШ 1 маусымда дефолт жариялауы мүмкін.
Джо БАЙДЕН, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз қарызымызды төлей алмасақ, бұл әлем үшін қиын болады. Бұл қолдан жасалған дағдарыс. Америка әлемдегі ең күшті экономикаға ие. Демек қарызын өтей алады. Шығындарды, дефицитті дағдарысқа жол бермей жауапты түрде қысқартуымыз керек.