Шымкентте осыдан он жыл бұрын дәрігерлер бірден 149 балаға ВИЧ – адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған болатын. Ауруханада жатқан балаларға қан құйғандарында. Айыпталған 21 медициналық және әкімшілік қызметкердің 4 –і шартты түрде бас бостандығынан айырылған. Қазір Оңтүстік Қазақстан облысында 2 735 ВИЧ жұқтырған науқас бар. Оның 250 –і бала. Балалардың титтей де кінәсі жоқ, салғырттық пен жауапсыздықтың кесірінен, ғайыптан ауыр науқасқа шалдықпағанның өзінде, өмір үшін олардың күресі кәдімгі адамдардан бірнеше есе ауыр. Ата-аналары медициналық және психологиялық көмекке мұқтажбыз, - дейді. Жанжал шыққан кезде балаларға ең қымбат, сапасы жоғары препараттар береміз деген. Олар содан бері сол жылы тағайындалған 16 түрлі дәріні ішіп келеді. Ал медицинаның бір орнында тұрмайтынын айтады, қан жылаған ата-аналар. Ол балалардың кейбірі біздің тілшімізге сұхбат берді. Арқасынан түсіріп, дауысын өзгертуге мәжбүрміз. Себебі біздің қоғамда «ВИЧ жұқтырғандардың қолынан ұстасам, сөйлессем жұғып кетеді» деген сауатсыздық бар. Сондықтан олар ВИЧ статусы барын ашық айтуға қорқады. Кінәсіз «кінәлілер» туралы Айзада Төребекқызы.
-Басында мен дәріні мен неге ішем деп сұраған едім ол кезде мамам маған «тек тамағың ауырады, соған бола ішесің» деді.
Бет-жүзін көрсетпеуімізді өтінген жөспірім амалсыз айтылған осы өтірікке он жыл сенді. Үздіксіз дәрі ішуге көніп келеді. Көндікпеске шарасы да жоқ. Ағзаның қорғаныш тапшылығы вирусы оған үш жасында жұққан. Ауруханада жансақтау бөлімінде қан құю кезінде. Жеткіншектің айықпас кеселге шалдыққанын осы көктемде мамандар естірткен.
-Қаныңда вирус бар деді. Ол вирустың несі жоқ дейді,ауруы жоқ дейді да асқыну. Тек қана дәріңді ішіп отырсаң болды деді. Және де бақылап, спортпен шұғылданған дұрыс деді. Одан кейін мен мақұл дедім. Одан қорқудың қажеті жоқ екенін білдім.
Қорқудың қажеті жоқ дегенмен бұл дерт жайлы тіпті отбасында санаулы жан біледі. Өзгеге құпия.
-Мен туралы ешкім білмейді.Үйде мен ,мамам, папам. -Достарыңа да айтпайсың ғой, біліп қояды деп қорқасың ба? Отбасылық құпия деп есептеймін. Одан кейін ешкімге айтқым келмейді.
Себебі айтпаса да, түсінікті. Пыш-пыш әңгіме, сыпсың сөз және түртпектеуден қорқады, ата-ана. Бала бойында да бар бұл үрей. ВИЧ жасыратыны жоқ, ел үрке қарайтын тақырып. Ал тас түскен жеріне ауыр. Он жылдан бері аса ауыр жүкті арқалап келе жатқандардың басым бөлігі – аналар. Осынша уақыт аурумен арпалысып, жанына батқан жан жарасын жасырып, перзентім сезіктенбесін деп көз жасын көрсетпей сүртіп келе жатқандардың бірі Отырар ауданының тұрғыны.Үш айлық сәбиі сырқаттанып облыстық балалар ауруханасына түскен ана айықпас дерт жапсырып аламын деп әсте ойламаған-ды. Енді тұңғышының дертін келер жылы ашып айтуға бел байлап отыр.
- Жиі сұрақтар қояды,қашан осы дәріні тоқтасасыз деп. Бірақ бірде естіп қалды. –Мама мен мүгедекпін ба,- деді. Бірақ сол күні жаман екі-үш күн жылап жүрді. Бірақ түсіндіріп айттым. Жоқ,мүгедек емессің. Сені әлсіз қып босандым, содан витамин жетіспейді қызым, бірақ келешекте бәрі жақсы болады. Дәріні де тоқтатасың деп үміттендіріп қойдым. Бірақ туған-туысқандардың өзі теріс айналып кетті.
Мамандар келер жылы 93 жеткіншектің статусын ашқалы отыр. Былтыр 67 өспірімге дертті екенін айтса, биыл 60 баланың диагнозын жария етпек. Статусы ашылған балалардың ең үлкені 16 жаста болыпты. Ауыр қабылдаған. Сондықтан дерті жайлы әрі кетсе 11-12 жаста ашып айтқан жөн,- дейді психологтар. Қоғамды да ақырындап үйрету үшін ауруды жасыра беріп қажеті жоқ,- деген пікірде.
Ұлбосын Әбдіраимова, Ана мен баланы оңалту орталығының психологы: Егер бала дайын болса, ашық болса, неге айтпасқа. Достарына жәйлап, енді бәріне емес, өзінің сенетін жәйлап-жәйлап ашыла бастаса, баланың бойында осындай бір құпия нәрсе тұрмас еді. Оның өзі де үлкен әсер етеді. Адамның дамуына,психологиялық тұрғыдан және жан жақты дамуына әсер етеді. Ауыр нәрсе тұрады да оның бойында. Біреу біліп қояды ма деген онда да бір қорқыныш болуы мүмкін. Оған енді болашақта мен ойлаймын, оншақты жыл өтсе бұл үлкен мәселе болмайды.
Алайда ол уақыттың еншісіндегі дүние. Әзірше қоғамның ВИЧ тақырыбына құлағы үйрене бастағаны болмаса әлі де үрке қарайтынына куә болып жүрміз. Шымкентте осы жазда үш жасар бүлдіршінді ВИЧ -ке шалдыққаны үшін балабақшадан шығарып жіберді. Мектепке дейінгі мекеме меңгерушісі қатты шошынып, баланың анасына бақшаға енді келмеуін сұраған.
Бет-жүзін көрсетпеуді сұраған ана:
Балам жиі ауыра бергесін медициналық анықтамаларын сұратты. Дәрігеріміз медбике мен меңгерушіге диагнозды айтқаныңыз дұрыс деді. Мен мән-жайды айтқаным сол еді, меңгеруші бірден: Енді біздің бақшаға келмеңіздер. Мұндай диагнозбен балаңызды қалдыра алмаймын. Басқа балалардың өмірі үшін бұл қауіпті деп кесіп айтты.
Ал шымкенттік Маржанды өмірде жұбымды тауып, сәби сүйе аламын ба,- деген ой мазалайды. Ол да ауруханада 12 жасында дерт жапсырған. Әзірше жаратқанның жазғаны шығар деп көндігіп келеді. 22 жастағы бойжеткен жабырқау жаныма жалау болар серігімді адаспай тапсам,- дейді. Тек ақылы мен көркіне тоқтағанмен, дертті екенін естігенде жігіттердің теріс айналып кететіні жанына батады.
Маржан, Шымкент тұрғыны:
-Жұмысқа орналасуда кедергі жоқ. Бірақ тұрмысқа шығуға қазірше кедергі бар сияқты. Мен өзімді көбінше ұнатқан жігітке айтқанымда ол қарсы болды да, уже түсінбеді. Содан кейін қазір шыны керек, мен жігіттерге айтуға кішкене қорқақтап қалдым.
Маржанның сыры отбасы мүшелерінен бөлек жақын құрбысына ғана аян.Ол өз дертін аса құпия ұстағысы келмейді. Бірақ өзіндей жандарды қабылдауға қоғам дайын емес екенін біледі.
Маржан, Шымкент қаласының тұрғыны:
ВИЧ дегенді көбісі түсінбейді. СПИД деп қорқа береді әлі, потому что информация жоқ. Шетелдерде ол деген обычный ауру болса мысалы ГРИП сияқты, ал бізде ондай емес. СПИД деген ол деген өледі деп, жұғып кетеді қолына тиіп кетсе деген сияқты қоғамда сондай ой қалыптасып қалған.
Ағзаның иммун тапшылығы вирусы ауа арқылы жұқпайды. Сондықтан ВИЧ-ке шалдыққандарға үрке қараудың қажеті жоқ дейді мамандар.
Жаннета Жазықбаева, «ЖИТС-тен балаларды қорғау » қайырымдылық қоғамдық қорының төрайымы:
-Бұл ВИЧ дертін ойлайтын шығар, мектепте кітап-дәптер арқылы, ыдыс-аяқ арқылы жұғып қалады ма деп. Ол әрине мектепте ондай жолмен жұқпайды, әлеуметтік түрде жұқпайды. Мектепте болсын, балабақшада болсын көп халықтың назары,қорқыныш пайда болады, біздің балдарға жұғып кете ма, тістеп алады ма,тырнап ала ма. Қазіргі таңда бір де бір жағдай әлем бойынша болмаған.
ГРАФИКА :
ВИЧ үш жағдайда жұғады. 1- жыныстық жолмен. 2- қан арқылы, залалсыздандырылмаған медициналық құралдар арқылы. 3- ана сүтімен.
Оңтүстік Қазақстан облысында осындай қиын тағдырды басынан кешіріп жүрген балалардың саны -250-ге жуықтайды. Соның сексен пайызы осыдан он жыл бұрын ауруханада, дәрігерлердің салғырттығынан ВИЧ -ке шалдыққандар.
Жуырда орталыққа арнайы бас сұққан облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов дертті балалардың мемлекетік қызметке қабылдануына жағдай жасайтынын айтты. Жеткіншектердің саулығы үшін бір мезгіл демалысты ұйымдастыруды да сөз етті.
Бейбіт Атамқұлов, ОҚО әкімі:
Бұл балаларды бөлектеуге болмайды.Лагерьлерде мәселен өзге балалармен бірге демалулары тиіс. Олар инфекция таратпайды, ауру жұқтырмайды. Шетелдің тәжірибесін қарайықшы. Біз оларға көмектесуіміз керек. Мемлекет болып мұндай балаларға, ұйымдарға қамқорлық қолдау көрсету керекпіз. Өркениетті елдердің барлығында солай істейді.
Айзада Төребекқызы, тілші: Ағзаның қорғаныш тапшылығы вирусын жұқтырған жандар негізінен рухани көмекке мұқтаж . Сондықтан олар бір біріне сөзбен болса да демеуге тырысады. Олардың бас қосатын ,сырласатын бір орны осы орталық. Мұнда жеткіншектер өздерін еркін сезінеді. Түрлі тренингтерге қатысады. Сол үшін алыс аудан ,ауылдарда тұратынына қарамастан Шымкентке сирек те болса келіп тұрады дейді орталықтағылар. Айта кетейін,бұл ғимаратты жергілікті кәсіпкер азамат өз қаржысына салып беріпті.
Екі жылдан бері баспаналы болған «ЖИТС-тен балаларды қорғау" қайырымдылық қоры он жылдан бері өңірдегі дертті жандардың жанына жалау болып келе жатқан жалғыз мекеме. Қор төрайымы Жаннета Жазықбаева ата-аналардың көз жасы мен жан жарасына куә.
Жаннета Жазықбаева, «ЖИТС-тен балаларды қорғау » қайырымдылық қоғамдық қорының төрайымы:
Әрине ВИЧ-ке шалдыққан адам болсын, бала болсын ол қоғамға ешқандай қаупі жоқ. Жұмыс істеуі де, құқығы да сау адаммен бірдей. Сондықтан да мемлекеттік қызметкерлердің өзіне қабылдатамын деп әкімнің оң көзімен қарасының өзі де біз үшін жетістік. Өкінішке орай кейбір чиновниктер бұндай ұғымды ұстап тұрмайды.
Дертті жандардың дәрі-дәрмектерін жаңалауда бүгінгі басты мәселелердің бірі,- дейді Жазықбаева ханым .
Жаннета Жазықбаева, «ЖИТС-тен балаларды қорғау » қайырымдылық қоғамдық қорының төрайымы:
Қазіргі заманға сай, вирусқа қарсы дәрілердің жаңа түрі шықты. Ол ҚР-да енгізілмеген. Жаңа түрі дәрілер енгізілсе ол да бір жеңілдік. Өйткені қазір балалар тәулігіне 2 рет дәрі ішетін болса, жаңа түрі дәрілердің тәулігіне 1 рет қана ішеді. Ол да әжептәуір жеңілдік болады.
ВИЧ – дертті жандар үшін соңғы үкім емес. Ал оларды қоғамнан шеттету - сауатсыздық. Соны ұғатын уақыт жетті.
Айзада Төребекқызы, Серік Талас
«Біздің уақыт».