$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Панамгейттің тізімінде 12 президенттің есімі бар

AstanaTV
06.04.2016ж. 20:00
1800
Панамгейттің тізімінде 12 президенттің есімі бар

Панама дауы өрши түсті. 11 миллион құжаттың арасында іс басында жүрген және бұрын мемлекет басқарған 12 саясаткердің есімі бар. Құпия ақпараттың ішінде әлемге әйгілі Лионель Месси, Джеки Чан сынды жұлдыздар туралы мәлімет келтіріледі. Олар ірі көлемдегі ақшаларын мемлекеттен тыс офшорлық компанияларда жасырған. Mossack Fonseca компаниясы салықтан жалтарған қалталы азаматтардың ақшасын артық есеп-ақпаратсыз өз қорларында сақтап келді. Үлкен даудан кейін Исландия премьер-министрі отставкаға кетуге мәжбүр болған. Оның жұбайымен бірге офшорлық компания құрғанын біліп қойған халық алаңға шықты.

Құпия тізімге Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның да қатысы бар. Жарияланған мәліметтерде саясаткердің өзі болмаса да, әкесі Иэн Кэмеронның аты аталады.

Дэвид Кэмерон, Ұлыбритания премьер-министрі:

Менде ешқандай акция жоқ. Премьер-министрдің жалақысын аламын. Қосымша аздап жиған қаражаттың пайызы бар. Бір үйім бар. Барлығы осы. Ешқандай офшорлық компания мен акцияларға қатысым жоқ.

Кэмеронның пәкістандық әріптесі Наваз Шариф те ақталып бағуда. Бұл Wikileaks жасырын ақпаратты жариялағаннан кейінгі туындаған екінші үлкен дау. Бір қызығы мәліметтердің арасында АҚШ азаматтары туралы бір де бір дерек жоқ. Құпия құжаттарды бір жыл бойы Американың Журналисттік зерттеулер халықаралық консорциумы зерттеген. Қорытындысы үшінші сәуір күні неміс басылымында жарияланды. Франция бүгін Панаманы офшорлық аймақтардың қара тізіміне енгізу туралы бастама көтерді. Ал Панама президенті кеңсесінің жанындағы министрі Альваро Алеман, мемлекетті мазақ еткізбейміз, деп мәлімдеді. 

Азамат АЛДОҢҒАРОВ