Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Теріскей шаруалары картоп бағасы тым шарықтайды деп болжамдап отыр

AstanaTV
29.09.2016ж. 20:00
3136
Теріскей шаруалары картоп бағасы тым шарықтайды деп болжамдап отыр

Солтүстік Қазақстанда картоп бағасы қымбаттауы мүмкін. Шаруалар осылай деп отыр. Өйткені биылғы өнім қотыр ауруына шалдыққан. Шаруалар мұны жауын-шашынның тапшылығымен байланыстырып отыр. Бұған қоса, өнімнің көлемі де көңіл көншітпейді. Қызылжарлық тілшіміз Абзал Құрманкин жағдайды біліп қайтты.

Абзал Құрманкин, тілші:

Тамыз айындағы аптап ыстық егін сапасына жақсы ықпал еткенімен, екінші нанға кері әсерін тигізді. Ылғалдылықтың төмендігінен ұсақ картоп жиі кездеседі. Жыл сайын бір гектардан 300-400 центнер алып жүрген шаруалар биыл 25 тоннаға қол жеткізгеніне шүкіршілік етіп отыр.

Қызылжардың шұрайлы топырағы биыл шаруаларды өнімге қарық қылмады. Жауын-шашын мөлшерінің аздығы тек картоптың пішініне ғана емес, сыртқы қабығына да кесірін тигізген. Шаруа қожалығының агрономы Дмитрий Лукашевтың айтуынша, қазір кәсіпкерлер қотырдан көз ашпай отыр. Ауыл еңбеккері биыл 25 гектарға картоп еккен. Өнім шығымдылығы 250 центнер.

Дмитрий Лукашев, шаруа қожалығының агрономы:

Мына сау картоп пен қотырға шалдыққан картоптың айырмашылығы тек сыртқы қабығында ғана. Қотырдың тауарлық түрі жоқ. Сондай-ақ, оны тұқым ретінде пайдалануға болмайды. Себебі өнім бермеуі мүмкін. Қазір мен білетін шаруалардың көбінде осындай проблема бар.

Қазір картоп сауда сөрелерінде 50 теңгеден сатылып жатыр. Өнімнің тапшылығы жақын арада нарық бағасына әсер етеді, деп пайымдайды тәжірибелі мамандар.

Александр Дмитриев, шаруа қожалығының басшысы:

Меніңше, картоп бағасы қазан айында қымбаттайды. Шамамен дизельдік отынның бағасымен бірдей болады. Демек, жүз теңгеден асады. Ал келесі жылдың шілде айында тіпті 270-280 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Биыл екінші нанның ең жоғары бағасы 210-нан аспады.

Алайда, тұрақтандыру қорының өкілдері баға тым шарықтамайды деп отыр. «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы былтырдан бастап картопты өздері егіп, халыққа арзан бағамен ұсынып келеді. Биыл мемлекеттік кәсіпорын 30 гектар жерден өнімнің 500 тоннасын алған. Қоймада сақталған картоп нарықтық бағаны келесі жылға дейін біршама ұстап тұруға мүмкіндік бермек, дейді тұрақтандыру қорының өкілі.

Гамали Жұмашев, «Солтүстік» ӘКК ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Базардағы біздің картоптың бағасы нарықтың құнымен салыстырғанда 15-20 пайызға арзан. Осының арқасында баға біршама тұрақталады. Қоймадағы өнім келесі жылға дейін жетеді. Егер де таусылып бара жатса, шаруалардан қосымша өнімді сатып алып, халыққа төмен бағамен ұсынамыз.

Дегенмен, тұрақтандыру қоры шаруаларға тікелей әсер ете алмайды. Картоп нарық субъектілері бекіткен бағамен қалыптасады. Демек, өнім бағасының өсуі бек мүмкін.

Абзал ҚҰРМАНКИН