Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Оралдықтар еліміздегі ең көне саябақты сақтап қалуды сұрап отыр

17.05.2023ж. 20:00
657
Оралдықтар еліміздегі ең көне саябақты сақтап қалуды сұрап отыр

Орал қаласының экологтары мен қоғам белсенділері еліміздегі ең көне саябақты сақтап, демалыс орнын талапқа сай дамытуды сұрайды. Бірақ бақты бөлшектеп үлгірген пысықтар оған мүмкіндік бермей отыр. Жергілікті жанашырлар мұның жолдарын іздестіріп, арнайы ұсыныс жасаған. Алайда мұның қашан орындалары белгісіз.

Еркін КАРИН, ТІЛШІ:

Бұл бәйтерек - саябақтағы ең кәрі ағаш. Адам құшағы жетпейтін емен шамамен екі ғасыр бұрын отырғызылыпты. Сондықтан қазір айналасы қоршауға алынып, арнайы тақтайша да орнатылған.

Он тоғызыншы ғасырда салынған саябақ төңкеріс топалаңы мен азаматтық соғысты бастан өткерген. Тіпті бертіндегі су тасқыны мен айналасын жайпаған қызыл жалыннан да аман қалыпты. Бірақ айласын асырған пысықтар көне бақты бірнеше жерден жырымдап, жекешелендіріп алған, дәмхана салған.

Нұржан АЮПОВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘДЕНИ ЖӘНЕ ДЕМАЛЫС САЯБАҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Саябақтың ішінде кейбір жері жекеге айналып кеткен екен. Бұл мәселе бойынша біздер әкімшілікке хаттама жазып, хабарлама бердік. Енді ол сұрақ бойынша жер бөлімі жер комитетімен бірлесе отырып жұмыстанып жатыр.

Ал экологтар бақты талан-тараж қылуға жол бермеу үшін арнайы тұжырымдама қабылдау керек дейді.

Дархан САРИЕВ, БҚО ЭКОЛОГИЯЛЫҚ-ГЕОГРАФИЯЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Негізінде орталық саябақты дамыту тұжырымдамасы болуы тиіс. Бұл құжат ресми түрде бекітіліп, көрсетілген бағыттар бойынша бақты дамыту керек.

Яғни құжатта қай аумақта көкорай өсетіні, асфальттың қай жерге төселетіні, ішкі инфрақұрылымы, бәрі-бәрі ескеріліп, көрсетіледі. Бірақ бұл тұжырымдама әлі күнге бекітілмеген.

Бүгінде саябаққа келушілерге түрлі аттракциондар мен сауда нүктелері қызмет көрсетеді. Ал стандарт бойынша саябақтың 10% шағын архитектуралық мүсіндер орнатылса, қалған аумағында жасыл желек жайқалып тұруы тиіс. Бірақ қара жерге шөп шығарудың өзі оңай шаруа емес. Өйткені бақшаны күндіз-түні баласындай мәпелеп, маңдай терімен суғаратын бағбанның жалақысы небәрі 70 мың теңге.

Борис ЛАВРЕНТЬЕВ, БҚО МӘСЛИХАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Маман тапшылығынан саябақты талапқа сай қылу әзірге мүмкін болмай отыр. Сондықтан жұмысшылардың жалақысын көтеру керек. Бұл - үкімет деңгейінде шешілетін мәселе. Осыдан кейін орман қорын түгендеу керек.

Саябақты ұстап тұру үшін жыл сайын қазынадан 60 миллион теңге бөлінеді екен. Бақтың былтырғы табысы 47 миллионнан сәл асқан. Ал мамандар бұл көрсеткішті арттыруға боларына сенімді.