$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарда науқастар аштық жариялады

AstanaTV
18.05.2023ж. 09:36
923
Павлодарда науқастар аштық жариялады

Павлодар қаласындағы наркологиялық диспансердің емделушілері аштық жариялап жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 16-мамыр күні қаладағы психикалық денсаулық орталығының №1 блогында сот шешімімен мәжбүрлі түрде емделуге жатқан 16 адам тамақтанудан бас тартқаны туралы ресми хат келген. Белгілі болғандай, пациенттер өздеріне демалыс беру талабын қойып отыр. Бұрындары орталықта сот шешімімен мәжбүрлі түрде емделіп жатқан есірткі мен ішімдікке тәуелді адамдарға демалыс берілетін.

"ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 желтоқсандағы "Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда мәжбүрлеп емдеу үшін психоактивті заттарды қолдануға байланысты психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (ауытқулары) бар адамдар үшін ішкі тәртіп қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес демалыс беру тоқтатылған. Аштық жариялаушылар осы бұйрықтың жойылуын талап етуде", - дейді Павлодар облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры Кахан Иманбеков.

Басқарма басшыларымен кездесу өткізілгеннен кейін 5 науқас райларынан қайтып тамақ ішуге келіскен. Қалғандары бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, дейді дәрігерлер. Айта кетерлігі, орталықта осы күні 140 адам емделіп жатыр. Олардың 20-ы әйелдер.