$494.87 €520.65 ₽4.91
×

"Үлкен үй алып, ішін жиһазға толтырдық". Той жасамаған қазақстандықтардың оқиғасы

AstanaTV
18.05.2023ж. 11:52
1906
"Үлкен үй алып, ішін жиһазға толтырдық". Той жасамаған қазақстандықтардың оқиғасы

Үйлену тойы - кез келген адамның өміріндегі ең бақытты, ең қуанышты сәттердің бірі. Бүгінде жастар оны ерекше, есте қаларлықтай етіп өткізуге тырысып жатады. Сәйкесінше қыруар қаражат та кетеді. Алайда үлкен тойды өткізбей-ақ, несие алып, қыруар қарызға кірмей-ақ қуанышты күнін жақындарының ортасында ғана өткізетін жұптар да бар. Massaget.kz тілшісі сондай жұптармен сөйлесіп, неліктен үлкен тойдан бас тартқаны туралы, үйлену тойы жайлы ойларын сұрады. 

Гүлнара Төребекова осыдан бірнеше жыл бұрын тұрмысқа шыққан. Оның сөзінше, жолдасы екеуіне үлкен тойдың қажеті болмаған.

"Себебі біз үшін той жасау - тек туыстардың көңілінен шығу ғана болды. Миллиондаған ақша құртудың не қажеті бар? Біз ол ақшаға шет елге - Шри-Ланкаға барып демалып келдік. Баспанамыз онсыз да бар еді. Жай ысырап қылып, тойға ақша шашпайық деп шештік.
Оның үстіне той бір күнде өтеді де кетеді, бәрі оны ұмытып та қалады. Оның не қажеті бар? Сондықтан үлкен той жасау қажет емес деп шештік. Той болмады емес, болды. Бірақ оның орнына неке сарайында неке қию рәсімі болды. Ол жерде той көйлегін кидім. Одан бөлек құдалық қана болды. Ертесіне саяхаттауға Шри-Ланкаға ұшып кеттік", - дейді Гүлнара Төребекова. 

Әдетте әулеттің үлкендері үлкен той маңызды екенін, оны міндетті түрде жасау керегін айтып жатады. Ал Гүлнара Төребекованың сөзінше, ешкім олардың бұл шешіміне қарсы болмаған.

"Себебі біз өзіміз шешеміз. Басқа адамдар біздің өмірімізге араласпауы керек. Біздің әулетімізде - күйеуім тараптағыларда да, мен тарапта да солай: әркімнің өз ойы, ұстанымы бар", - дейді ол. 
"Қазіргі жастарға да айтарым - той жасаудың қажеті жоқ. Себебі талай тойда болдық, бірақ 3-4 сағат билеп, қуанғаннан кейін бәрі ұмытылады. Той жасауға кеңес бермеймін. Менде бір ғана өкініш болды: той көйлегін сатып алғаным үшін ғана өкіндім. Оны алудың қажеті жоқ еді. Оның орнына кейін де киюге болатын көйлек алу керек пе еді деп ойлаймын. Той көйлегім қазір жай ғана шкафта ілініп тұр. Оны енді мұқтаж адамға тегін бермекпін", - дейді Гүлнара.

Астаналық тұрғын той жасау - мейрамхана иелерін байыту ғана деп санайтынын жеткізді.

"Елде дағдарыс, халықта онсыз да ақша жоқ кезде, оның үстіне Қазақстанда көп адам несие алады, ол кредитті жабу керек. Бізде кредит алмай-ақ той жасауға жағдайымыз болды, бірақ қажет емес деп шештік", - дейді ол. 

Ал қазақстандық Гүлсім Дәркенбаева да жұбайымен үйлену тойын жасамауды шешкен. 

"Оған түрткі болған бірнеше себеп болды. Ең маңыздысы - үйімізде кішкентай балақан өсіп жатқандықтан, ковид вирусынан қорқыңқырадық. "Сақтансаң - сақтайды" мәтелін ұстандық. Одан кейінгі тойдан бас тарту себептеріміз - балалы болғандықтан үлкен кең үйде тұрғымыз келді, ол үйді затпен толтырғымыз келді, оның барлығы қаржыға келіп тіреледі, яғни қаржыны ойланып жұмсау керек болды.

Тойдың орнына үлкен үй алып, ішін өзіміз ойлаған жиһазға толтырып, артынша Түркияның Ыстамбұл қаласында керемет отбасылық демалыс жасадық", - дейді Гүлсім. 

Гүлсімнің сөзінше, жақындары олардың шешімін қолдап, көмек те көрсеткен. 

"Менің анамнан басқа жақындарымыз бізді қоштады. Қайын әкеміз үй алуға қомақты сома қосты, аналарымыз тойға деп жиған тергендерін үйдің ұсақ түйегіне қосты.

Ең бастысы - үйлі-жайлы болдық. Қазіргі заманда үйді жалға алып тұру деген қалтаны кәдімгідей қағатын заман. Сондықтан, ешқандай өкініш жоқ. Бірақ енді той жасайық деген мақсат жоспар бар. Отбасы құрғанымызға 2024 жылдың қыркүйегінде 5 жыл болады. Сол күнге үйлестіріп тойды ұйымдастырғымыз келеді. Біз тек жоспарлап армандай аламыз, Алла Тағаладан ниет етіп сұрап тілей аламыз, ал барлығы нақты сол уақытқа жақындағанда қалай болатыны тек бір Аллаға аян. Ең бастысы - барлығымыздың денсаулығымыз мықты болсын, калғаны өз ретімен", - дейді ол.