$498.51 €522.84 ₽4.81
×

Астанадағы Ұлттық музейге бір түнде 47 мың адам барды

AstanaTV
19.05.2023ж. 10:57
1732
Астанадағы Ұлттық музейге бір түнде 47 мың адам барды

Ұлттық музейде өткен»Музей түні» халықаралық акциясына барлығы 47 мыңнан астам адам барды.

Осылайша, өткен жылғы рекорд жаңартылды. Былтыр шараға 30 мыңға жуық адам қатысқан. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ең алдымен, музейдің кіреберісіндегі бірнеше метрлік кезек пен келушілерге толы залдарға көзім түсті. Ауа райының жайсыздығы мен кешкі уақыт болғанына қарамастан, адамдар отбасылармен келіп жатты. Осыған байланысты, ауданы 74 мың шаршы метрді құрайтын және 200 мыңнан астам экспонаты бар елдегі ең үлкен музейге барлық тілек білдірушілер әрең сыйды, ал кейбір залдарда мүлдем ине шаншар орын болмады. Алайда көтеріңкі көңіл-күй, достық, отбасылық және шынымен мерекелік атмосфера болғанын айта кету керек», - деп жазды министр.


Айта кетейік, «Музейлер түні» — отандық мәдениет қызметкерлері күнін мерекелеуге арналған іс-шаралар бағдарламасының бір бөлігі. Салтанатты рәсім барысында еліміздің әр өңірінен келген үздік музей қызметкерлері «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Ұлттық музей қабырғасында концерттік және ойын-сауық бағдарламасы, ойындар, квесттер, дәрістер, музей реставраторларының шеберлік сабақтары, қолөнершілер жәрмеңкесі, театрландырылған экскурсиялар және бірден бірнеше экспозиция ұйымдастырылды. Келушілер «Музейлер түніне» арнайы дайындалған кітап және авторлық қуыршақтар көрмесін тамашалады, сондай-ақ белгілі тарихшылар мен басқа да танымал тұлғалар экскурсия өткізген «Жұлдызды гид» жобасына қатысты.


«Мыңдаған келушілермен бірге мен де бірнеше залды аралап, оларда ұсынылған экспонаттармен таныстым. Атап айтқанда, жақында ашылған Палеонтология залына қонақтар тарапынан қызығушылық ерекше болды. Іс-шарада басқа елдерден де көптеген қонақтар болғанын айта кеткен жөн», - деді Асхат Оралов.