Биылдан бастап мұғалімдермен соттасатын мектеп басшылары мектепте істемеуі керек. Талдықорғанда ағарту саласының мамандарымен өткен жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев білім ордасындағы қудалау мәселесіне қатысты осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мектептерде қудалау мәселесі болмауы керек. Биылдан бастап мұғалімдермен соттасатын мектеп басшылары мектепте істемеуі керек. Ұнамаса, ондай мұғалімдерді жұмысқа қабылдамау керек. Ал қабылдадыңыз ба, тәрбиелеңіз. Бүкіл ұжыммен ақылдасу керек. Мен де мектеп басшысы болған адаммын. Маған да айтқан «ұжымда жаман мұғалімдер бар» деп. Сол мұғалімдермен бір-бірімізді тәрбиелей отырып, үлкен дәрежеге жеттік. Меніңше, мұғалімнің жаманы жоқ. Тек оның еңбегін көрсете алатын директорлар жоқ па деген ойға келемін. Сондықтан мұндай келеңсіздікке ел аумағында жол бермеуіміз керек. Биылдан бастап мұғалім мен директор арасындағы соттасу дегенді тоқтату керек. Соны сіздерге тапсырамын», - деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.