Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Қарағандылық жетімдер әкімдік берген жаңа пәтерлерде бүрсеңдеп отыр

AstanaTV
11.10.2016ж. 20:00
2446
Қарағандылық жетімдер әкімдік берген жаңа пәтерлерде бүрсеңдеп отыр

Қарағандылық жетімдерге жәрдем керек. Оларға екі жылдай бұрын әкімдіктен берілген жаңа пәтерлердің қабырғалары көгеріп, жарыла бастаған. Тұрғындар күздің ызғарында бүрсеңдеп, дымқыл тартқан үйде тұруға мәжбүр. Баспананы қайта жөндеп беруді сұрағанмен, шенеуніктер тарапынан көмек қолын созар жан табылмай отыр. Жанашыр жақыны жоқ жетім жандардың жұпыны тірлігін тілшіміз Айжан Қуаш көріп қайтты.

Көгерді, ия. Бетонға жай линолеум сала салыпты. Міне, скотчпен жабыстырып.

15 жасында ата-анасынан айырылған Жанар Мырзағұлова Абай қаласындағы екі бөлмелі пәтердің кілтін алған кезде төбесі көкке жеткен. Бірақ ол қуаныш ұзаққа созылмады. Бірнеше ай өтпей жатып, пәтерінің қабырғасы көгеріп, жарыла бастағанын айтады. Үйдегі батареялар ыстық болғанымен, пәтер жылынбайды дейді. Отбасы өз қаражаттарына терезені ауыстырыпты. Ал, толықтай күрделі жөндеуге ақша жетпепті.

Жанар Мырзағұлова, Абай қаласының тұрғыны:

Суық келеді екен трещинадан. Вентиляция жоқ. Вытяжка жоқ. Терезе жаңа болса да, күнде көгеріп тұрады. Күнде сүртеміз. Баратын жеріміз жоқ. Тұрамыз енді, не істейміз?

Балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі Лилия Мүлікова да пәтері екі бөлмелі болғанмен, күн суытса, отбасындағы 4 адам бір бөлмеге тығылатындарын айтады. Балаларды төсек үстінен түсірмейді. Өйткені еденде жүру мүмкін емес.

Лилия Мүлікова, Абай қаласының тұрғыны:

Киімдердің дымқыл тартып, жағымсыз иістеніп кететіні сонша, бірнеше рет жуып кептіреміз. Балаларды бір бөлмеде қамап ұстаймын. Сонда да жиі ауырады. Қалалық әкімдікке, қаншама рет барып айттық. Бірақ нәтижесін көрмедік.

Абай қаласының Школьный көшесіндегі бұл үй 10 жыл бойы қаңырап тұрған. 2014 жылы жаңа жыл қарсаңында оның бір подъезі жөнделіп, 12 отбасына беріліпті. Оның жетеуі балалар үйінен шыққан. Әкімдік бұл тұрғындардың жағдайын біледі.

Ерғали Қысраунов, Қарағанды облысы Абай қаласының әкімі:

Бұл үйді қалпына келтіруге аудандық бюджеттен 28 млн теңге бөлінген. Пәтерлерді «Канкор КЗ» компаниясы жөндеді. Келісімшарт бойынша 3 жылға кепілдік берген. Яғни кемшіліктерді түзетуі тиіс. Бірақ, компания одан бас тартты. Экономикалық сотқа шағымданып едік, сот істі компанияның пайдасына шешті. Біз қайта шағымдандық.

Айжан Қуаш, тілші:

Үйдің сапасы сыртынан-ақ, көрініп тұр. Қабырғалардағы шұрық-тесікті былай қойғанда, құрылыс қалдықтарының өзі жиналып алынбаған. Бұл подъезді миллиондаған қаржыға жөндеді дегенге ешкім сенбейді.

Бұл баспана дауына қатысты сот отырысының енді қашан болатыны белгісіз. Ал тұрғындардың тағы бір қысты бүрсеңдеп өткізуден басқа амалдары жоқ.

Айжан  ҚУАШ