Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Жасөспірімдер ішіп жүрген дене үлкейтетін дәрі өлімге алып келеді

23.05.2023ж. 20:00
1490
Жасөспірімдер ішіп жүрген дене үлкейтетін дәрі өлімге алып келеді

«Сиқырлы» дәрілердің сергелдеңі. Жасөспірімдер денесін үлкейтемін деп қауіпті препарат ішіп жүр. Араларында жүрегі ауырып, есінен адасқандар да бар. Мұны естіген мамандар қара нарықта қаптаған тауарды жою керек деп дабыл қағуда. Бірақ соған қарамастан олардың түр-түрі дүкен сөрелерінде самсап тұр. Жастар жаппай желігетіндей капсуланың қандай құдіреті бар. Аружан Задабектің сюжеті.

Жігіттердің көбі мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам басқанда бойына ет алып, сымбатына сымбат қосуды армандайды. Денелі жігітке айналудың оңай жолын іздеп, түрлі препараттарды ішеді. Соңында артық қыламын деп тыртық қылғанын аңғармай да қалады.

Салмақ қоспадым. 60 келі өз орнында тұр.

Ел «сиқырлы» деген дәріні мен де іздеп шықтым. Елордадағы бірнеше мекемеге бас сұғып, таба алмадым. Күдерімді үзгенім сол еді, желіде жарнамасы жылт ете қалды. Қызығы, көрсетілген мекенжай кәдімгі дәріхана.

Дәріхана қызметкері препаратты тұтынбауға кеңес берді. Өйткені, пайдасынан зияны көп екенін олар да жақсы біледі. Капсуланың сергелденге салатынын дәрігерлер айтып шаршаған. Қанша ескерту жасасақ та, ешкім құлақ аспайды – дейді. Ендеше, біз айтайық. Дәрі арқылы бақытқа жетемін дегендерге құлаққағыс. Мұндай дәрі ішсеңіз қан қысымы көтеріліп, миға қан құйылады. Жүрек ұстамасы мен қалқанша безінде қиындықтар пайда болуы мүмкін. Тіпті өліп кетуі де ғажап емес.

Жанель ІЛИЯС, ДӘРІГЕР:

Зиян екенін бағасына қарап та білуге болады. Мықты дәрі болса, ондай бағада сатылмас еді. Оның денсаулыққа зиян екенін + ескермейді. Оңай жолды таңдайды, бірақ түбінде ауруға айналады. Осы дәрілерді ішіп қаншама адам өліп жатыр.

Диетологтар да салмақ қосудың ең тиімді әрі қауіпсіз жолы дұрыс тамақтану екенін айтады. Қауіпті препараттар салмақ қосуға да, арылуға да көмектеспейтінін ескертті.

Марал АЛМАҒАНБЕТОВА, ДИЕТОЛОГ:

Салмақтан құтылғысы келсе ол препараттардың құрамында суды шығарып тастайды да визуалды түрде салмақ тастағандай болуы мүмкін. Және де «мінеки, 5-2 кг тастадым» деп жатады. Негізі, ол ағзада тастардың жиналуына, сусыздануға және де ағзадағы дисбаланстарға алып келеді.

Көбі «сиқырлы» дәріні ішкенін жасырады. Соңынан зардабын тартса да, мойындамайды. Есесіне, не тіркеуі, не құжаты жоқ капсулалардың саудасы күннен-күнге қызып жатыр. Әзірге күмәнді дәрілерге ешбір құзырлы орган қызығушылық танытпаған сыңайлы. Кез келген жер сатылып жатқанына қарап олай демеске амал жоқ.