$516.93 €542.52 ₽4.98
×

"Тексеріс болмайды": Жамаубаев қазақстандықтардың мобильді аударымдарын бақылау туралы айтты

AstanaTV
24.05.2023ж. 16:46
1282
"Тексеріс болмайды": Жамаубаев қазақстандықтардың мобильді аударымдарын бақылау туралы айтты

2023 жылдан бастап банктер Мемлекеттік кірістер комитетіне қазақстандықтардың аударымдары туралы мәліметтерді бере бастады. Осыған байланысты журналистер қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтан мобильді аударымдар саны бойынша жеке кәсіпкерлерді тексеру туралы сұрады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Журналистер қаржы министрінен Мемлекеттік кірістер комитеті жүзден астам мобильді аударым келген азаматтардың тізімі жасалды ма деп сұраған. Өйткені бұған дейін мұндай аударымдар саны банк картасының иесін тексеруге себеп болуға тиіс деп айтылған болатын.

"Білуімше, біз екінші деңгейлі банктермен ақпарат алмасуды іске асырып жатырмыз. Әзірге бір нақты нәтиже жоқ. Одан да елді шулатпай жай ғана мониторинг жасап отырайық, өйткені бұл 2025 жылға дейін жасалатын жүйелі жұмыс. Тексеріс те болмайды, қоғамдық толқу да болмайды, адамдар мен кәсіпорындарға қысым жасалмайды. Сіздерге кепілдік беремін", - деді Жамаубаев.

Оның сөзінше, МКД қазақстандықтарға қандай да бір талап қойып, аударымдар саны көп азаматтардың тізімдерін жасамайды.

"Мемлекеттік кірістер комитеті өз еркімен ешқандай талаптарды енгізбейді. Мәліметтерді басқа мемлекеттік органдардың базасынан аламыз. Біздің ведомство өз бетінше мұндай қадамдарды жасай алмайды. Егер біздің құрылымда осыған біреудің қатысы болса, мен ол адамды жұмыстан шығарамын ", - дейді министр.

Айта кетейік, Қазақстанда ақша аударымдарын салықтық реттеу мәселесі 2021 жылы талқыланған болатын. Сол кезде қаржы министрлігі белсенді кәсіпкерлік қызметті атқарып жүрген адамдардың ғана аударымдарына салық салынатынын, аударым жіберушіден ештеңе ұсталмайтынын айтқан еді. Алайда кейінірек, 2022 жылы ведомство мобильді аударымдар бизнес үшін кірісті жасырудың тәсілі екенін, ал салық салу идеясы осы мәселені шешуге бағытталғанын мәлім етті. Сонымен қатар бұл бастама салықтың жаңа түрі емес екені айтылды. Былтыр сәуір айында қаржы министрлігі азаматтардың ақша аударымдарын тексеру туралы бұйрықты бекітті. Мобильді аударымдарды тексеру туралы Қаржы министрінің бұйрығын іске асыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады және мемлекеттік қызмет атқармайтын қарапайым азаматтарға қатысты болмайды.