Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Ақтөбеде көшпелі цирк Сазды өзенін ластап жатыр

24.05.2023ж. 20:00
779
Ақтөбеде көшпелі цирк Сазды өзенін ластап жатыр

Ақтөбе тұрғындары өкпелі. Қалаға бір ай бұрын көшпелі цирк келген. Сол уақыттан бері жануарлардың нәжісі мен қалдықтарын Сазды өзеніне төгіп, ластап жатқан көрінеді. Жұртшылық цирк әкімшілігіне қатаң жаза қолдануды талап етіп отыр.

Бұл видеоны тұрғындар әлеуметтік желіге жүктеді. Қаланың қақ ортасындағы Сазды өзенін бұлайша ластау шектен шыққандық дейді.

Лариса КОНДРАТКО, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мына жақтан жел соқса, сасық иіс қолқаны қабады. Жануарлардың жүнінің, нәжісінің иісі. Енді өзенді ластап жатыр. Жазда балалар ол суға түседі. Кім бұған жауап береді?!

Табиғат жанашырлары да дабыл қағуда. Мұның үлкен зардабы болады дейді.

Татьяна ОСТРЕЦОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Бұл - эпидемиологиялық талаптарды өрескел бұзу. Бұған рұқсат бергендер ол циркте тірі жануарлар бар екенін ескермегені ме сонда? Олардың табиғатты ластап жатқанын қадалайтын орындар неге жұмыс істемейді?

Көшпелі цирк жеке сауда орталығының аумағында орналасқан. Цирк әкімшілігі бізге сұқсат беруден бас тартты. Қала билігі де бұл мәселеден басын алып қашып отыр. Қазір облыстық мәдениет басқармасы рұқсат берді ме әлде қалалық әкімдік пе, екі жақ бір-бірін кінәлап әлек болып жатыр. Ал экологтар арнайы арыз шағым түспесе, тексеріс жүргізе алмайтынан айтады.

Меруерт СЕЙІТЖАПАРОВА, ОБЛЫСТЫҚ ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ИНСПЕКТОРЫ:

Ол туралы тұрғындар өтініш келіп түскен жоқ. Нақты факт көрсетілген жоқ. Егер де кәсіпкерлік кодекс талаптарына сәйкес бізге заңды не жеке тұлғадан арыз түскен жағдай да нақты мән-жайды көрсеткен жағдай да біз тексеру шараларын аламыз. Жоспардан тыс тексеріс жүргіземіз.

Полиция бұған қатысты іс қозғап, цирк басшылығын әкімшілік жауапкершілікке тартты. 30 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді.