Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Жетісулық шаруаларға су жетпей жатыр

AstanaTV
25.05.2023ж. 14:58
489
Жетісулық шаруаларға су жетпей жатыр

Жетісу өңірінде 200 мың гектардан астам суармалы жер бар. Оның тек қана 5 пайызы үнемдеу технологиясына негізделген егістік аумағы, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Кейінгі жылдары облыста су тапшылығы анық байқалуда. Әйтсе де соған сай жүргізіліп жатқан жұмыстар тым баяу.

Бұлай көлденең айтуымыздың себебі, біздің қолымызға түскен статистикалық мәліметтердің жаңғырығы. Қараңыз, Көксу, Сарқан және Ескелді аудандарындағы шаруалар ғана соңғы заманауи технологияны пайдаланып егістіктерін суғарады. Олардың да жалпы көрсеткіші 4 пайызға да жетпейді. Ал қалған аудандарда бұл бағытта ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Қазір, жетісулық диханшылардың жыры – су мәселесі. Оған себеп жыл өткен сайын өзендер тартылып жатыр. Яки, суды үнемдемеске амал жоқ. Бүгінді шаруалардың алды жаңбырлатып және тамшылатып суаруға көшкен. Дегенмен барлық шаруа осы технологияны пайдаланбай істің оңалмасы анық.

Мамандар айтуынша, су тапшылығына әртүрлі фактор себеп болуда. Әуелі климаттың құбылуы, табиғи ресурстардың толасуы, егіс алқабының жыл сайын ұлғаюы әрі экологияның бұзылуы судың сарқылуына әкелуде. Өңірде суармалы алқапқа судың басым бөлігі тау өзендерінен жетсе, қалғаны су қоймаларынан алады. Ал қойманы суға толтыруда оңай емес. Себебі бұлақ көздері тарылуда. Оған кінәлі адамдар.

Мәселен, бұрындары шопандар жаз ауа бұлақ басына жақын тұрақтайтын. Бұл өз кезегінде бұлақ суының толассыз ағуына негіз болатын. Ал бүгінде ірі шаруалар болмаса, бұрынғыдай малшылар бұлақ кезбейді. Бұлақтың көзін ашып жатқан ешкім жоқ. Соның салдарынан су бөгеліп, арнасына толық түсе алмай жатыр. Табиғат сыйлаған су мөлшерін осылай ысырап қылып отырмыз. Егер байырғы дәстүрлі тәсілге ауса су қайнары көбейер еді. Одан кейін « судың да сұрауы бар» дегендей, үнемдеу де қажет. Бұл жағынан халықтың түсінігі төмен.

"Жетісу өңірі – аграрлы өңір. Бізде мекеме жауапты 134,4 мың га жердің тек 2 пайызы су қоймаларына жүгінеді. Сол себепті су қоймаларын лықа толтыруға тырысамыз. Қалған алқап өзендердің алады. Облыста 54 гидротехникалық құрылымның суару каналы 7,2 мың шақырымды құрайды. Оның 18-і, яки 4034 шақырым каналы «Қазсушар» РМК-ның құзырында. Текелі қаласы мен Сарқан, Кербұлақ аудандарынан өзге елді мекендерге су беру біздің мекеменің міндеті. Бүгінде Ақсу ауданындағы суармалы жердің 338 шақырымын жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Жоба жыл аяғына дейін созылады. Одан бөлек, Ескелді мен Алакөл аудандарын да осындай жүйелі жұмыстар жүреді. Ал Қараталдағы каналдың мүмкіндігі жақсы. Дегенмен аудан әкімінің балансындағы 1700 шақырым суландыру желісіне жаңғыртылады. Бұл ретте Көксу ауданында жұмыс күзде басталады", - дейді «Қазсушар» РМК Алматы филиалының директоры Саят Құдайбергенов.

Оның айтуынша, өңірдегі суару каналдары мекеме балансына біртіндеп өтуде. Бірақ, қызметкердің саны мен айлығы баяғыдай. Бұл да түйткілдің төресі болып отыр.

Бұрындары да айтқанбыз, кейінгі жылдары Ислам даму банкі Жетісудың суару жүйесін қайта қалпына келтіруге қолдау көрсетіп келеді. Әйтсе де бұдан нәтиже бар ма? Осыдан 8 жыл бұрын қолға алынған ұзақ мерзімді жұмыс жоспарға сай жүріп жатқан жоқ. Мәселен, Ескелдіде басталған жұмыс 2020 жылы аяқталуға тиіс еді, бірақ былтар ғана қолданысқа берілді. Оған себеп, о баста жобаның дұрыс жасалмағаны. Ол ол ма, Ақсудағы алғашқы жобаның да жайы оңып тұрған жоқ. Әуелде бетон арықтарды пайдалану ұйымдасқанымен, артынан техникалық тұрғыдан бұл қарекет тиімсіз деп табылған. Оны қайта үйлестіруге қаржы жұмсалмағанымен уақыттан жеңіліп отырмыз.

"Аталған банктің қолдауы су жүйелерін жаңғырту деп топшылау, қате шешім. Неге десеңіз, олар біздің филиалдағы 800-ге тарта жұмысшыға тәжірибесін жетілдіруге әрі мекеменің техникалық жабдығын жаңартуға жәрдем етті. Мысалы, бұрын бізде 2 экскаватор ғана болса, қазір 8-ге тарта дәл сондай техника бар. Соңғы жылдары 51 техникаға сатып алдық. Оның бәрі аудан-аудандарға таратылып, жұмыс сапасы жақсара түсуде. Әрі қызмет барысы да жүйелене бастады. Банк техникалық қадағалаушыны Түркиядан арнайы ұсынып, бірлесе нығайтуда", - дейді Саят Құдайбергенов.

Дегенмен әлі де болса, өңірдегі суландыру жүйесін үлкен жұмыстар күтіп тұр. Олай дейтініміз, каналды тазалау, облысқа шаққанда саны аз техниканы күтіп ұстау секілді жұмыстар әлі толық жүйеленбеген. Бұлай айтуымызға себеп, жаз шыға шаруалардың аттанға басатыны. Оның үстіне гидротехникалық нысандардың тозуыда істі ушықтырып тұр.

Саят Құдайбергеновтің айтуынша, биыл су шаруашылығына бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, құрылыс-монтаж жұмысы жүргізілуде. Оған сеп болған «Қазсушар» РМК Алматы филиалы. Әйтсе де жетісулықтар бар кінәні аталған мекемеге итермеуі керек. Себебі, олар тек өз балансындағы су каналдары бойынша келісімшартқа отырған шаруашылыққа ғана жоспардағы суды жеткізіп береді. Қалғанына жауапты емес. Бүгінде өңірдегі 130 мың гектардан астам жерді 9 мыңға тарта қожалық иемденіп отыр. Яки, математикалық есеп бойынша, әрбіріне 15-16 мың гектардан тиесілі. Бұл шаруалар жаздағы кедергіні өз күшімен жеңуге тырысады. Әйтсе де оған бәрінің мүмкіндігі жетпесі анық.

Бүгінде мамандар, жаз бастала шаруаларға жаңбырлатып һәм тамшылатып, болмаса ылғалдап суару үлгісін көрсетіп, арнайы сабақ та жүргізуде. Дегенмен бұл үдеріске ілесу үшін шаруаларға қаржы қажет. Оған бәрінің бірдей шамасы жетпейді. Сондықтан тәжірибелі мамандар ылғал сүйетін дақылдарды суға қолжетімді жерге егуді айтуда. Одан қалса топырақтың құнарлылығын сақтай отырып, өнімду арттыру тәсілдерін де түсіндіруде.

Біздіңше, осы салаға жауапты министрліктер су мәселесін шешу үшін арнайы бағдарлама әзірлеуі шарт. Шағын шаруалар соңғы үлгідегі озық технологияға ілесу керек. Бұл су үнемдеудің басты кілті. Әйтпесе, Жетісудың сарқыла бастаған өзендері көп ұзамай Аралдың күйін кешеді. Егіс алаңдарын дұрыс жоспарлай білуі шарт. Бүгінде соған сай агромелиоративті іс-шаралар атқарылуда. Бірақ нәтиже көрінбейді.

Жетісуда ауызсу мәселесі де ушығып тұр. Оған шаруалардың жайы қосылса істің насырға шапқаны. Жер өнім дұрыс бермесе, азық-түліктің де бағасы өсетіні анық. Мұның алдын алу үшін шаруалардың мәселесін шешу керек. Бірақ, мемлекеттің қолы қысқа, халық та суды үнемдеуге көшуі тиіс. Таяқтың екі ұшы бар, су үнемдеу үдерісіне тұрғындарда атсалысса игі болар еді . Мамандар, осыны ескертіп жатыр.