Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие», - Қ. Тоқаев

25.05.2023ж. 20:00
903
«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие», - Қ. Тоқаев

«Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграция ең алдымен экономикалық сипатқа ие». Мемлекет басшысы Мәскеуде өткен Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында осылай деді. Президент қандай бастамалар көтерді? Әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.

«Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция» атты ІІ Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында Президент алдымен жаңа бағдарлар ашу жайына тоқталды. Себебі, қазіргі таңда жаһандық тауар ағыны жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан көлік-логистика саласындағы халықаралық мәселелерді жүзеге асыру және үшінші елдермен ынтымақтастықты дамыту мәселесі маңызды деді. Бұл ретте тұтас құрлықты байланыстыруды көздейтін Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» жобасын атап өтті. Әрі «Солтүстік-Оңтүстік» желісіндегі сауда қатынасына сұраныс артқанын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Өткен жылдың оқиғалары «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізін «жаңа жаһандық логистиканың» басты элементі ретінде дамыту қажет екенін тағы да анық байқатты. Аталған меридианды дәліз Транскаспий халықаралық көлік бағытының ендігімен сәйкес келеді. Сондықтан екі бағытты да үйлесімді әрі жүйелі түрде дамытса, бірін-бірі толықтыра түсетінін көріп отырмыз.

Президент инфрақұрылымды дамытудан бөлек, цифрландыру, кедендік әкімшілендіру ісін оңтайландыру және әкімшілік жүктемені азайтуға баса мән беру қажеттігіне тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір біз Еуразияда бұрын-соңды болмаған жаңа көлік құрылымын қалыптастырып жатырмыз. Бұл іске тыңғылықты әзірлікпен әрі жұмыла кіріссек біршама экономикалық және саяси пайдаға кенелеміз. Бізде толыққанды және конструктивті халықаралық ынтымақтастықтың қаншалықты маңызды екендігі туралы ортақ түсінік бар деп ойлаймын.

Мемлекет басшысы Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын анықтау қажеттігін айтты. «Келешекті жоспарлағанда айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек», - деді Президент.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазір тұрақты түрде туындайтын кедергілер мен шектеулер туралы көптеген деректі тізбелейтін уақыт емес. Мен бұл жағдайды шиеленістіруді жақтамаймын. Бірақ туындаған мәселелерді осында шешу керек. Қойылған мақсаттардың көбі әлі орындалған жоқ. Сондықтан ең алдымен Одақ аясындағы ынтымақтастықтың негізгі міндеттерінің орындалуын соңына дейін жеткізуге баса мән беруіміз қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан ТМД, ҰҚШҰ аясында, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастық шеңберінде жақын серіктестерімен әлеуметтік, мәдени, гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін жеткізді. Одан кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамдағы отырысына қатысты. Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі мен даму перспективаларына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.