$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Елімізде 900-ге жуық электромобиль бар

25.05.2023ж. 20:00
751
Елімізде 900-ге жуық электромобиль бар

Биыл елімізде электромобильдер саны 65 процентке артты. Десе де, олардың үлесі республикадағы автопарктің тек 0,02% пайызын құрайды. Қазақстан әлемдік трендтен неге кенде қалды? Электромобиль мінуге еліміз дайын емес пе? Көлік иелері мен сарапшылар пікірін тілшіміз тыңдады.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Жолдың сәні болған электромобильдер жаңа заманның трендіне айналды. Бұл көліктер экологиялық таза, үнемді және қолданыста қарапайым. Әсіресе, мына «Зикер» маркалі электрокарлар бүгінде ерекше сұранысқа ие»,- дейді сарапшылар.

Электр энергиясының көмегімен қозғалатын көлік құрастыру идеясы екі ғасыр бұрын пайда болды. Басты мақсат - энергия өнімділігі мен қауіпсіздікті қатамасыз ету. Небәрі 4 секундта кемінде 100 км/сағат жылдамдыққа дейін жететін темір тұлпарлар автосүйер қауымды баурап алды.

БЛИЦ:

- Қайта-қайта бензин құймайсың оған. Самый үлкен плюс. И үкіметке налог төлемейсің. Екінші плюс. Бір жағынан қауіпсіз деп естідік. Өрт жағынан например. Электромобильдерді мен өзім қолдаймын.

- Электромобильдерге көзқарасым жақсы, әрине. Еуропадағы озық мемлекеттерде платный ғой парковкалар, өте қымбат. Сол себепті эдектромобильдерге ол жақта парковка тегін. Сол себепті олар қаланың тазалығын сақтайды. «Бізде енді 10-20 жылда көбейеді» деген ойдамыз.

- Бүкіл жер байлықтары, мұнай дегеннің бәрі тапшы ғой. Соның бәрі бітіп жатқаннан кейін, ақырындап ол электромобильдерге көшу керек.

Алматы қаласының тұрғыны Нұржан Оразбеков көптен күткен көлігін өткен жылдың тамыз айында сатып алған. Ел аузында жүрген әйгілі Тесла 5 айда мұхиттың арғы жағынан жеткен. Бағасы арзан емес. Шамамен 30 млн теңге.

Нұржан ОРАЗБЕКОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Көлігімді сатып алмас бұрын көп зерттедім. Қазір өкінбеймін. Барлық жағынан өзіме ұнайды. 3 күнде бір қуаттаймын. 400 шақырымға жетеді қуаты. Бұл орташа есеппен бір апта. Динамикасы бойынша кәдімгі автокөлікке қарағанда жылдамырақ. Бұрын жанармайға айына 40.000 теңге қаражат жұмсайтынмын. Ал қазір қуаттауға 10.000 теңге кетеді. Тіпті кей жерлерде тегін де қуаттауға болады.

Алайда, кедергілер де жоқ емес. Елімізде әзірше электромобильге мініп, шалғай жерлерге бара алмайсыз. Себебі, қалааралық инфраструктура дамымаған. Қуаттаушы станциялар көбіне қала ішінде орналасқан. Олардың өзі жиі істен шығады. 4 жылдан бері электромобильдердің сервисімен айналысатын компания жақында Қонаев қаласында электромобильді қуаттайтын станция орналастырған. Енді оны Тараз бағытына қою жоспарда бар. Онан кейін-Шымкент. Дәл қазір электромобильмен Алматыдан Астанаға жету де мүмкін емес. Ол үшін жолай 3 қуаттайтын станция қажет.

Алексей КРАСНИКОВ, СЕРВИСТІК КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ, САРАПШЫ:

Қазақстанда толығымен электромобильдерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, барлық қажетті қызмет түрлерін көрсететін орталықтар аз. Елде электромобильдерге қажет бөлшектер де көп емес. Автобөлшектерді АҚШ, Еуропа, Қытайдан алдыртамыз. Кейде оны ұзақ күтіп қалатын кездер болады.

Экологтар электромобильдердің көбеюі қоршаған ортаға оң әсер етеді,- дейді. Мәселен, былтыр Алматы қаласы бойынша ауаға таралған шығарындылардың есептік көрсеткіші -127.000 тонна. Оның 55 проценті автокөліктердің үлесінен болып отыр.

Ләйлә МҰХАМЕТРАХИМОВА, АЛМАТЫ қ. ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТА БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Алматы қаласының ауасының ластануына ең алдымен көліктер әсер етеді. Электромобиль - ол шығарындысыз көлік түріне жатады. Яғни, ауаға ешқандай да ластаушы зат бөлініп шықпайды. Сол себептен ол бізде экологиялық таза көлік болып саналады. Ал басқа көліктер, бензин, жанармайдағы көліктер, олардан ауаға көптеген ластаушы заттар бөлініп шығады. Соның ішінде азот диоксиді, азот оксиді, дизельден сажа бөлініп шығады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен «2029 жылға қарай барлық ірі қалаларда электромобильдер үшін қажетті инфрақұрылым құру» жол картасының жобасы әзірленді.

ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРЛІГІ:

Жол картасында нормативтік-техникалық талаптарды белгілеу, электромобильдерді қуаттауға арналған отандық жабдықтарды өндіру, электромобильдер үшін қуаттау станцияларына және оларды орнату орындарына қажеттілікті анықтау, сондай-ақ электромобильдер үшін инфрақұрылымды дамыту жөніндегі әртүрлі ынталандыру шаралары мен тетіктерін енгізу сияқты іс-шараларды көздеу жоспарлануда.

Қазір елімізде 900-ге жуық электромобиль бар. Оның басым бөлігі Алматыда. Екінші орында Солтүстік Қазақстан облысы, ал үшінші орында Астана қаласы тұр.