$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ресей ОПЕК-тің мұнай өндірісін төмендету бойынша келісімін қолдайды

AstanaTV
04.10.2016ж. 20:00
2531
Ресей ОПЕК-тің мұнай өндірісін төмендету бойынша келісімін қолдайды

Ресей ОПЕК-тің мұнай өндірісін төмендету бойынша келісімін қолдауға дайын. "Астана" телеарнасының сұрағына жауап берген Ресей экономикалық даму министрі Алексей Улюкаев осылай деді. Қос елдің экономика саласына жауапты ведомство жетекшілері Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының XIII өңіраралық форумы аясында кездесті.

Алексей Улюкаев, РФ экономикалық даму министрі:

Мұнай өндірісін қатыру бойынша жасалып жатқан бастамаларды қолдауға дайынбыз. Ал қатыру деңгейінің қаншалықты болатыны талқыланып жатқан сұрақ. Дегенмен, жалпы бұл бағытты қолдаймыз. Мөлшері ме? Әрине, сандар туралы сіздерге қазір айта алмаймын.

Ресей экономикалық даму министрі Өскеменде автөкөлік өндірісін дамытпақ болған "Автоваздың" жағдайына да тоқталды. "Астана" телеарнасы тілшілерінің сұрағына жауап берген ол, "Автоваздың" жағдайы мәз емес екенін мойындады. Және "мемлекет тарапынан қолдау жасалуда, сондықтан компания өз міндеттерін орындайды" дегенді де қоса кетті. Сонымен қатар Улюкаевтың сөзіне сенсек, Ресей Қазақстаннан келетін етке де, көмірге де шектеу қойып жатқан жоқ. Бұған дейін көрші елде қазақстандық өнімдерге шектеу енгізілгені жайлы ақпараттар тарағаны белгілі.

Алексей Улюкаев, РФ экономикалық даму министрі:

Ешқандай шектеу жоқ. Валюта бағамдарына қатысты, логистика бойынша, шекарадан өткізу, кедендік қызметтерге қатысты ерекшеліктер бар. Ал арнайы шектеу жоқ. Керісінше, тауар айналымының өскенін қолдаймыз. Соңғы бір жарым жылда саудада қалыптасқан шұңқырларды жеңе бастаймыз. 

Тараптар сауда айналымы мөлшерін арттыратын келісімге қол қойды. Ұлттық экономика министрі екі ел арасындағы бірлескен іс-шаралар аясында құны 4 млрд доллар болатын 27 жобаның іске асырылатынын айтты. Өзара сауда-саттық 2014 жылмен салыстырғанда 20 пайызға төмендеген. Қуандық Бишімбаевтың сөзінше, 2017 жылы тауар айналымын 700 млн долларға дейін көтеруге мүмкіндік бар.  

Айгүл ӘДЕПБАЙ