Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

ЭКСКЛЮЗИВ: Малайзиялық мұнай-газ компаниялары Қазақстанға 500 млн $ инвестиция құймақ

AstanaTV
07.04.2016ж. 20:00
2189
ЭКСКЛЮЗИВ: Малайзиялық мұнай-газ компаниялары Қазақстанға 500 млн $ инвестиция құймақ

Малайзияның «Hadid Engineering» компаниялар тобы еліміздің мұнай-газ саласына кіруге, оның ішінде Қашағанды игеруге ниетті. Бұл туралы «Астана» телеарнасына берген эксклюзивті сұхбатында мұнай-сервистік компаниялары одағының төрағасы Рашид Жақсылықов мәлімдеді.


Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай-сервистік компаниялар одағының төралқа төрағасы:

Қашағанға қатысамыз деп отыр. Бірақ оған қатысу үшін бірталай жұмыс атқару керек. Өздеріңізге белгілі, үлкен инвесторлар өздерінен жұмыс бермес бұрын, біріншіден квалификациялық талаптарынан өту керек қой. Сондықтан бізге квалификациялық талаптардан өтетін компанияларының тізімін береді. Біз оларды шамамыз келгенше біліктілік талаптардан өткізуге тырысамыз.

Малайлықтар біздегі жекешелендіру бағдарламасына да қызығушылық танытқан. Қазақстандық мұнай-сервистік компаниялар одағы қазір жекенің қолына берілетін нысандардың тізімін дайындап жатыр. Бұған дейін бізде аталған мұсылман мемлекетінің шағын жобалары болған.Тек Қазақстан экономикасында, өз орнын «ойып тұрып» алған жоқ еді,- дейді Рашид Жақсылықов. Қашаған жобасына қызғушылық танытқандары да содан. Жақында мұнай-газ саласындағы 17 компания келіп, отандық мұнайшылармен кездесу өткізген. Және малайдың үш компаниясы отандық мұнай-сервистік компаниялар одағына мүше болып енген.

Рашид Жақсылықов, Қазақстан мұнай-сервистік компаниялар одағының төралқа төрағасы:

Алғашқы құйылатын инвестиция 500 млн доллар төңірегінде болады деп сенім білдірді. Қазіргі таңда оларды қызықтырып отырған екі-ақ сала ол ауылшаруашылығы саласы және мұнай-газ саласы.

Ал бүгін әлемдік нарықта мұнай бағасы біршама қымбаттады. Brent  маркалы мұнай Лондон биржасында 0,7 пайызға көтеріліп, барреліне 40,40 АҚШ валютасын құрады. Ал, WTI Нью-Йорк тауар биржасында баррелі үшін 38,20 көк қағазға жетті.

Айгүл ӘДЕПБАЙ