$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Жамбыл облысында осыдан 1000 жыл бұрынғы қала орны табылды

AstanaTV
27.05.2023ж. 16:23
974
Жамбыл облысында осыдан 1000 жыл бұрынғы қала орны табылды

Жамбылда осыдан 1000 жыл бұрынғы өркениетке тиесілі Қаракемер қаласының орны табылды. Археологтардың айтуынша, 600 гектар аумақты алып жатқан көне шаһарды көшпенділер мен бірнеше түркі мемлекеттері мекендеген, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Тарихшылар Жамбыл ауданы Құмтиын ауылының қасынан табылған Қаракемер қаласының орнын екі бөлікке бөліп отыр. Бірінші төбе мен екінші төбенің арасы 700 метрді құрайды. Археологтар тобының жетекшісі Ералы Ақынбек қаланың хронологиялық жасын VII-XII ғасырларға жатқызып, бірнеше мемлекеттер арасында алма-кезек ауысып отырғанын айтады.

"Бұл жерде түрік қағанаттары өмір сүрген. Жалпы айтатын болсақ, Батыс түрік қағанаты, Түркеш, Қарлұқ, Қарахан мемлекеттері тұсында осы қала гүлденіп, салтанат құрған. Ал қала бірнеше құрылыс кезеңінен тұрады. Кей ғасырда соғылғаны келесі ғасырда құлаған. Үстінен қаланы қайта салынғаны көрінеді. Жергілікті халық бұл жерді Төрткүлтөбе дейді. Осы "Төрткүлтөбе 1-де" көлемі 11х12 метрлік қазба жұмыстары жүргізілді. Басталған жұмыс нәтижесінде бірнеше бөлме орындары анықталды", - дейді археолог Ералы Ақынбек. топ жетекшісі Ералы Ақынбек.

Тозығы жеткен тарихи шаһардың орнын 1938 жыл кеңестік археолог, шығыстанушы Бернштам анықтаған. Бірақ кешенді қазба жұмыстары жүргізілмей, зерттеу нысаны ретінде назардан тыс қалып келген. Ал Әлкей Марғұлан атындағы археология институтының археологтары былтыр қала орнын зерттеуге ниет танытқан. Биыл арнайы грант бөлінгендіктен, 20 күн бұрын қазба жұмысын бастап кетті. Жамбыл облысында табылған көне қаладағы қазба жұмысы.

Қалашық орнынан шыны ыдыстар, әшекей бұйымдар, майшам, тас диірмен, темір соқа мен мал сүйектері табылды. Тотығы шыққан темір соқа түркі мемлекеттерінде егін шаруашылығы қарқынды дамығанын хабар береді. Мамандар шыны ыдыстардың сынықтарына қарап, сол ғасырларда оны балқыту технологиясы жоғары деңгейде дамығанына таңқалады. Ал жануарлардың қаңқаларына қарап, қала тұрғындары тек ұсақ малды қолда ұстаған деп топшылайды. Ірі малдардан тек сиыр малының ғана сүйегі мен асығы шыққан.

"Сиыр малының өзі ұсақ түліктің бірі болған дерсіз. Себебі бойы небары 1,30 см-ден сәл ғана асқан. Ал әшекей бұйымдарды әрлеп-сәндеуде асқан шеберлік жатыр. Мәселен шыны жасау технологиясы көпті таңқалдырады. Өйткені шыны сынығын алып, анықтап күнге қарайтын болсаңыз, ауа көпіршіктері де аз. Әдетте ауа көпіршектері көп болатын болса оның балқу температурасы төмен және сапасыз болады. Мынау өте сапалы жасалған. Дәл қазір оны бізге жаса деп берсе арнайы аппаратпен жасамасақ, қолдан жасай алмауымыз мүмкін. Қарапайым түрде шыны бұйым жасау үшін 1200 градуста құмды ерітіп, балқытып жіберу деген ол өте жоғары дәлдікті қажет етеді", - дейді зооархеолог Мәмбет Шағырбаев.

8 адамнан тұратын алматылық археологтар тобы әлі бір ай бойы қазба жұмыстарын жүргізбек. Сондай-ақ олар жергілікті тұрғындарды да қаланы қазу жұмыстарына тартқан. Алдағы зерттеу жұмыстары кезінде көптеген тарихи жәдігерлерді тауып қалуымыз мүмкін дейді.