Ақтаудағы №12 мектепте 17 жұп егіз бала білім алады. Соның 9-ы биыл 1-сыныпты аяқтайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Былтыр мектепке осынша егіз келгенде ұстаздар да таңқалған екен. Бір-бірінен аумайтын бүлдіршіндерді бастапқыда бір сыныпта оқытпақ болған екен. Бірақ мұғалімдерге бәрін бірдей айыру қиын болатындықтан бірнеше сыныпқа бөлген.
"Егіздер көп осы мектепте. Әрқайсы әр сыныпта. Бес балам бар. Үлкен баламның үшінші балалары егіз. Өзіміз де таңқалдық егіз болады дегенде. Қуанғанымыздан бірімізге айтпай, жасырдық. Тіл тиіп кетеді деп қорықтық. Аллаға шүкір, міне, 1-сыныпты бітіріп жатыр", - дейді егіздердің әжесі Сәнипа Арықпанова.
Мектеп директоры Жаннат Әнесова осы мектепте 1985 жылдан бері еңбек етеді. Бүгінге дейін 30-дай егіз оқушының мектеп бітірген.
"Былтыр 1-сыныпқа 265 бала қабылданып еді. Сыныптарға бөліп жатырғанда қарасақ, 9 егіз шығып тұр екен. 12 сынып ашқасын соларды бір-бір сыныпқа бөліп отырғыздық. Ал жалпы қазіргі таңда оқып жатқан 17 егізіміз бар. Олар 3, 4, 5 және 8, 9-сыныпта. 9-сыныпты егіз қыз бен бала бітіріп жатыр", - дейді мектеп директоры.