Кеше Ырғыз ауданының Құрылыс ауылында екі бала суға батып кетіп, бірінің денесі екі сағат ішінде табылды. Ал екіншісін сүңгуірлер 5 метр тереңдіктен алып шықты.
«28 мамыр күні сағат 01:25-те ТЖД Жедел құтқару жасағының сүңгуірлері тереңдігі 5 метр және жағадан 6 метр қашықтықта 12 жастағы ер баланың денесін судан шығарды»,- деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Еске салсақ, оқиға Ырғыз өзенінің Құрылыс ауылы маңында болды. 12 жастағы екі бала бұзау іздеуге шығып, оралмаған. Олардың жанында болған 13 жастағы бала бірінің суға құлағанын, ал екіншісін көрмегенін айтқан. Арада екі сағат өткенде жергілікті тұрғын бір баланың денесін шығарды. Ал екіншісін табу қиынға соқты. Олар - Бәймен Алманов атындағы орта мектептің 6-сынып оқушылары.
Айта кетейік, былтыр дәл осы Ырғыз ауданында үш бала суға батып кеткен болатын. Ақши ауылында 2017 және 2018 жылдары туған үш бала үлкендердің назарынан тыс қалған. 4 және 5 жастағы қыз бала бір отбасынан болса, 4 жасар ұл екінші отбасының баласы.
Былтыр шомылу маусымында 19 адам суға батып кетті. Оның 9-ы бала. Биыл облыста 64 орын белгіленді. Қазіргі кезде ТЖД қызметкерлері су астын тексеріп жатыр. Шомылу маусымы 1 маусым күні ашылады.