$481.84 €531.33 ₽5.07
×

Алматы облысында әкесі туған қыздарын зорлады деген күдікке ілінді

29.05.2023ж. 20:00
1948
Алматы облысында әкесі туған қыздарын зорлады деген күдікке ілінді

«Жүре берсең – көре бересің»... Алматы облысында тағы да сұмдық жағдай. Әкесі өз қыздарын зорлады деген күдікке ілінді. Ал анасы бұл сұмдықты біле тұра, үндемеген деген ақпарат бар. Ол рас па? Жантүршігерлік жағдай туралы көршілер не дейді? Толығырақ тілшіміз Мөлдір Жақан баяндайды.

Мөлдір ЖАҚАН, ТІЛШІ:

Сұмдық оқиға Еңбекші қазақ ауданы, Бөлек ауылында болған. Бойжеткендердің айтуынша, туған әкелері оларға жылдар бойы қорлық көрсетіп келген. Қыздар есейгенше шыдап, ақыры бар шындықты айтуға бел буыпты.

Тағдыр тәлкегіне түскен қыздар қазір 20 және 22 жаста.10 жыл бойы әкелері олармен кезек-кезек жыныстық қатынасқа түскен деседі. Адам айтса сенгісіз жағдай туралы жәбір көргендер осы күнге дейін аудиожазбалар сынды дәлелдерді жинап келген. Бірақ полицияға айтуға қорыққан. Амалы қалмаған соң, тілшілерден көмек сұрапты. Бұл жағдай туралы алғаш рет журналист Сандуғаш Дүйсенова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Сандуғаш ДҮЙСЕНОВА, ЖУРНАЛИСТ:

Үлкен қыздың айтуынша, ол 11 жаста болғанда, алғаш рет әкесі зорлап, азғындаған. 13 жасқа толғанда тағы жыныстық қатынасқа түскен. Кейін де бұл жағдай қайталанып отырған. Оған қоса, бір үйде еркектің екі әйелі тұрады. Әкесі кіші қызға тиісе бастағанда, қыз 13 жаста болды. Ол шыдамай, анасына айтып берген. Бірақ үлкендер істі жылы жауып қоя салған көрінеді.

Алайда, анасы бұл жағдайдан бейхабар екенін айтты. Камераны көріп, тұра қашқан ана ауыр жағдайға қатысты қандай да бір пікір білдіруден бас тартты.

Сұмдық оқиға аядай ғана ауылдың барша тұрғындарының жағасын ұстатты. Сырт көзге үлгілі, тәрбиелі отбасын ұстап отырған көпбалалы әкенің мұндай әрекеттерге баратынына көршілері сенер-сенбесін білмей отыр.

Райхан БАЛҚЫБАЕВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Негізі жақсы адам. Көрші болғалы бері жамандығын көрмедім. Әрдайым көмек қолын созып жүреді.

Сембай ҚАСҚАРОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Шыны керек, мен онымен жақсы араласатынмын. Ешқашан ойламадым. Қыздарға сенем мен. Осылай естігеннен кейін, қалай сенесің уже ол кісіге.

Жәбірленушілер 9 жыл білім алған мектептің директоры үшін де бұл күтпеген жағдай. «Білім ордасындағы психологтар оқушылармен жұмыс істейді» деп ақталды. Бірақ психолог мамандар да, ұстаздар да қыздардың іс-әрекетінен, мінезінен алаңдайтын еш нәрсе байқамаған көрінеді. Қыздардың қорлық көріп жүргенін мектептегі медициналық тексерістер де анықтай алмаған.

Шынтас ПІРІМБАЕВ, М.ГОРЬКИЙ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Олардан біз ешқандай келеңсіз жағдайлар байқаған жоқпыз. Оқушылар жақсы оқыды, тәртіпті болды. Кәдімгі оқушылар сияқты күнде мектепке уақытында келіп, уақытында кетіп, сынып жетекшілерімен, оқушылармен, мұғалімдермен жақсы болған балалар. Медициналық осмотрдан, дәрігерлерден өтеді. Ол жағын айта алмаймын.

Бүгінде жәбірленушілердің әкесі болып табылатын 57 жастағы күдікті ұсталып, қамаққа алынды. ҚК 121 - бабы 4-бөлігі бойынша екі қылмыстық іс тіркелді.

Ернар САЙДІЛДИН, ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:

Қазіргі уақытта қылмыстық құқық бұзушылық фигурантының қатысуымен аса ауыр қылмыстар жасалған мән-жайларды жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды.

Жәбірленуші тарап жауыз әкенің кінәсі дәлелденіп, оның тиісті жазасын алғанын қалайды.

Зардап шеккен қыздар сотқа дейінгі тергеу барысында полицияның қорғауында болады.