Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Донор мәселесі шешілмей, трансплантология кезегінде тұрғандардың тізімі қысқарар емес

AstanaTV
05.10.2016ж. 20:00
4636
Донор мәселесі шешілмей, трансплантология кезегінде тұрғандардың тізімі қысқарар емес

Қазақстанда өмірден өткен адамның органын туыстарынан рұқсат алмай-ақ пайдалануға болатын заң бар. Алайда отандық дәрігерлер марқұмның жақындарының алдынан өтпей, ішкі ағзаларын пайдалануға жүрексініп отыр. Бұл туралы Алматыда өткен трансплантологтардың жиынында мәлім болды. Бақытсыз жағдайда қайтыс болатын адамдар саны көп болғанымен, олардың сау органдарын мұқтаж адамдарға беру жағы қиындық тудырады.  Мәселені шешудің жолдары бар ма? Ришат Асқарбекұлы осы сұраққа жауап іздеді.

Донор табу - отандық трансплантология саласының дамуына тұсау болып келеді. Сау органын өзгеге бөліп беру -  жанқиярлықпен тең. Ал оқыс жағдайда өмірден өтіп кеткен туысының ішкі органдарын өзгеге қиып беру де - ерлік. Павлодарда донор іздеп, кезекте тұрған науқастарға марқұм болған жанның жүрегі, бүйрегі мен бауырын берген отбасы тұрады. Бұл шешім үш адамға өмір сыйлады. Осылайша дәрігерлер комаға түскен әйелдің ішкі органдарын сәтті пайдаланды.

Арина Пушкина, марқұмның қызы:

Егер осындай қасіретке тап болсаңыз, маңызды шешім жасаудан қорықпаңыз. Әрине, өте ауыр. Дегенмен, біреудің өмірін сақтап қалуыңыз мүмкін. Мәселен, менің анам үш адамға өмір сыйлады. Оның жүрегі ер адамның кеудесінде соғып тұр. А, мен үшін анам әлі тірі деген сөз.

Алматы облысының тұрғынына жасалған ота сәтті өткен. Жақында ол Керекудегі Олеся Пушкинаның отбасына бейнеүндеу жолдап, алғыс білдірді. Алпыс екі жастағы ер адам қазір толыққанды өмір сүріп жатқанын айтады.

Сіздерге ұзақ өмір тілеймін. Мен бұл жүректі сақтаймын. Сіздерге рахмет, қыздарыңыз менімен бірге тірі деп санаңыздар.

Өмір мен өлімнің арасында жатқан адамның ішкі органдарын алып, мұқтаж жанға салу Қазақстанда заңмен реттелген. Трансплантологтарға 2014 жылдан бері туыстарының рұқсатынсыз-ақ адамның жарамды дене мүшелерін пайдалануға болады. Десе де отандық дәрігерлер қайтыс болғандардың жақындарының алдынан өтпей, ішкі мүшелерін өзгеге салу жөнінде шешім қабылдау қиынның қиыны дейді.

Венера Алтынова, дәрігер-нефролог:

Біз рұқсатсыз аламыз. Ол заңға енгізілді. Ата-анасы, туған-туыстарының рұқсаты қажет емес деген заң бар. Біз сондай операция жасап жатсақ та, халықтың сана-сезімі көзқарасы өзгермегендіктен, рұқсатсыз ағза алмаймыз. Бірақ саланы дамыту үшін бұл көзқарасты өзгерту керек. Бүгінгі мақсатымыз-соны халыққа жеткізу.

Шариғат бойынша, мұқтаж адамға мәйіттің мүшесін трансплантациялауға болады. Діни басқарманың бұл туралы пәтуасы да бар. Дәрігерлер қарапайым адамдар арасында үгіт-насихаттың кемдігі донор болуға тұсау салып отырғанын айтады. Ұлттық менталитет жібермейді, адамдардың өзгенің денсаулығына немқұрайды қарайтыны тағы бар.

Болады ғой, жасай беруге болады. Зато екінші адамның өмірі құтқарылады.Тіпті, ешқандай қарсылығым жоқ. Мен де қуана келісер едім.

Керек болса беруші ем. Менің ойымша, басқа адамдар да өмір сүру керек. Біз  емес  тек.

Оған қарсымын. Денесін бұзбау керек қой адамның. Шариғатта да солай дейді. Өзіңмен келдің бе, өзіңмен кеткенің  дұрыс  дейді.


Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Елімізде соңғы 4 жылда 155 адамға өлім мен өмір арасында жатқан адамдардың ішкі органдары салынған. Мұндай операциялардың көбі сәтті өткен. Бірақ бұл қажетті органды беруге келсетіндердің әлі де аздығын білдіреді. Ал медициналық мекемелерде органын алмастыру үшін 5 мың адам кезекте тұр. Олар «күту парағына» үңіліп, бір өкініш, бір үмітпен өмір сүріп жатыр.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ