Ал Ақтөбеде ерекше сайыс өтті. Бүлдіршіндер еңбектеуден сынға түсті. Қатысушылардың ең кішісі-5 айлық. Додада 70 бүлдіршін бақ сынап, ең шапшаңы жеңіске жетті. Сондай-ақ, әдемі безендірілген қол арбалардың шеруі өтті.
Бүгін Ақтөбенің орталық саябағы халыққа лық толы. Еңбектеу сайысына бес айдан бір жасқа дейінгі жетпіс бала қатысты. Бастысы балалардың шапшаңдығы мен ептілігі сыналды.
Бақытнұр МҰСА, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
Себебі қызымыз өте пысық. Ерте еңбектеді. Бүгін шамалы күн ыссы болып жылап қалғаны болмаса өте ақжарқын бала пысық.
Ақтық кезеңде сегіз айлық Жантөре он баламен сайысып, жеңіп шықты. Сәби алты айдан бастап еңбектеген. Смағұловтар отбасынан тағы екі ұл велосипед жарысына қатысты.
Сәтбек СМАҒҰЛОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
Бүгін сол бірінші орын, бас жүлдені алдық. Қазір велосипедтен ағаларына сәттілік тілейміз. Бастамасы жақсы. Қуаныштымыз. Бәріне сәттілік тілеймін. Балалар мерекесі құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Үш аяқты велосипедпен жүйіткіген бөбектер бір-бірінен асып түседі. Тіпті арасында арнайы жаттығып келгендері де бар екен.
Бейбіт САҒЫНДЫҚОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
Баланың дайындығы жақсы. Қабілеті бар. Бағын сынап көрсін деген ниетпен келдік. Екі жарым жаста велик тепті.Қазір шуылдап тебеді.
Мереке соңы қоларбалар шеруіне ұласты. Жетпістен астам қатысушы өз баласының қоларбасын түрлі тақырыпта безендіріп, дайындап келген. Әдемі гүлдермен көмкерілгені де, әскери үлгіде безендірілгені де бар. Әсіресе шаңырақ, домбыра кейпіндегі қол арбалар ерекше.
Күләш СӘРСЕКЕНОВА, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
Біз бүгін осы қоларбалар жарысына өзіміздің қазақтың ұлттық аспап домбыра мүсінін жасап келдік. Домбыра - ұлттық аспап. Осы ұлттық аспапты балалар білсін, дәріптесін деген мақсатта осы кейіпте жасадық.
Сайыстарда үш жүзге жуық ақтөбелік бақ сынады. Жеңімпаздарға қоларбадан бастап, велосипед секілді бағалы сыйлықтар табысталды.