$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Тәуелсіздік жылдары машина құрастыру өндірісінің көлемі өсті

AstanaTV
06.10.2016ж. 20:00
2962
Тәуелсіздік жылдары машина құрастыру өндірісінің көлемі өсті

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өңдеуші өнеркәсіпте машина жасау саласының үлесі шамамен 15 пайызды құраған. Ал 90-шы жылдардың соңына қарай бұл көрсеткіш 5 пайызға дейін құлдырапты. Дегенмен, бұл бағыттың бір орында тұрмай үнемі алға қарай жылжып келе жатқаны анық. Мемлекеттік қолдаудың арқасында өндіріс көлемі соңғы жылдары 17 пайызға дейін өскен. Ал ең жоғарғы көрсеткіш 2013-14 жылдары 950 млрд теңге көлеміне жетті. Бұл ақпаратты бүгін машина жасаушылар одағының басшысы Мейрам Пішембаев жеткізді. Бірақ, соңғы бір жылда ұлттық валютаның едәуір құнсыздануы, аталған саланы да айналып өтпеген.

Мейрам Пішембаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы:

Былтыр күзден бастап өндіріс қалыптаса бастады. Ал енді биылғы жылы төмендеген көрсеткішті жылдың аяғында 91 пайызға жеткіземіз. 9 пайыз қалады. 2017 жылдың бірінші кварталында біз дағдарыс алдындағы жоғары көрсеткіштерді, біздің жетістіктерімізді асып та түсеміз.

Машина жасау кешенінің құрамына үш топқа біріктірілген 30-ға жуық сала кіреді. Сондықтан Қазақстан тек жеңіл автокөлік құрастырумен шектелмейді. Дайын өнімді жасаумен қатар, оны экспортқа шығарудың да маңызы орасан. Бүгінде отандық көліктерге сұраныс Орталық Азия, Таяу Шығыс елдері мен, Біріккен Араб Әмірліктерінде артқаны байқалады.

Альберт Рау, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

Ішкі нарықтағы бәскелестікте үздік болу аздық етеді. Экспортта да көрсеткіштерді жақсартуға тиіспіз. Президент 6 қыркүйекте индустриалды-инновациялық даму бойынша мемлекеттік бағдарламаға түзету енгізді.  Көрсеткіштер 3 негізгі талапқа жауап беруі керек. Бірінші - еңбек өнімділігі, екінші - экспорт, үшінші - энергия үнемдеу. Кім осы талаптарға сай болса, мемлекеттің экспорттық немесе гранттық қаржыландыруына ие болады.

Сондай-ақ вице-министр алдағы уақытта елімізде ескі көліктерді утилдейтін 3 зауыт салынады деп жоспарланып отырғанын айтты. Географиялық орналасуы бойынша олардың бірі алдағы 1-2 жылда Қарағанды немесе Астана аумағында, екіншісі Алматыда, үшіншісі Шымкент өңірінде бой көтермек. Қабылдау пункттері әрбір қалада ашылады. Яғни ескі көліктер пресстеліп негізгі орталықтарға жіберіледі де, бөлшектеледі. Мұнан соң оларды жаңа өнімге қолдану көзделген.  Бұл жобаны да бизнес сияқты дамыту кезек күттірмейді.   

Айбек ҚОСАНОВ