Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Тоқаев осы аптада қандай іс-шараларға қатысады

AstanaTV
05.06.2023ж. 10:35
699
Тоқаев осы аптада қандай іс-шараларға қатысады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы аптада бірқатар іс-шараға қатысады. Бұл туралы президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақорданың мәліметінше, 5 маусым күні Қасым-Жомарт Тоқаев елордада мемлекеттік туды көтеру рәсіміне қатысады. Салтанатты рәсім кезінде мемлекет басшысы – Қазақстан қарулы күштерінің жоғарғы бас қолбасшысы жоғары әскери оқу орнының үздік түлектеріне офицерлік шен тапсырады. Ал 8 маусымда президент Астана халықаралық форумының пленарлық отырысында сөз сөйлейтін болады.

Баспасөз қызметінің жазуынша, "Диалог арқылы сын-қатерлерді еңсеру: ынтымақтастық, өркендеу және прогресс жолында" атты форумға қатысушылар климаттың өзгеруі, азық-түлік тапшылығы, энергетикалық қауіпсіздік және басқа да мәселелерді талқылайды. Форумға Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл Тәни, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Босния және Герцеговина президиумының төрағасы Желька Цвиянович, Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева, ЮНЕСКО бас директоры Одрэ Азуле, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, Азия және Тынық мұхитына арналған экономикалық және әлеуметтік комиссияның (ЭСКАТО) атқарушы хатшысы Армида Алисджабана, Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов және т.б. мәртебелі қонақтар қатысады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев форум аясында бірқатар екіжақты кездесу өткізеді деп жоспарлануда.