Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

"Елімізде 3 мыңға жуық ауылдың болашағы жоқ", - министр

05.06.2023ж. 20:00
812
"Елімізде 3 мыңға жуық ауылдың болашағы жоқ", - министр

Ауыл тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында Үкіметтен 4 жарым триллион теңге бөлінеді. Экономика министрі қомақты қаржының қайда жұмсалатындығы туралы Мәжіліс депутаттарының алдында есеп берді. Айтуынша, ауылды дамытудың 5 жылға арналған тұжырымдамасында әлеуметтік маңызды нысандарды салу, материалдық-техникалармен қамтамасыз ету, жалпы жайлы өмірге керекті барлық жағдайды жасау қарастырылған деді. Қағаз бетінде кем-кетіксіз жазылған баяндама депуттардың көңілінен шықты ма? Әріптесім Ақбота Базарбай толықтырады.

Баяндамасын барынша баппен бастаған Экономика министрі депуттардың сан сауалына келгенде кідірді.

Қаржыға келгенде қадалып қарайтын халық қалаулылары ауыл-аймақтың жағдайы, соның ішінде мектепке, аурухана мен спорттық кешендерге бөлінетін 4 жарым триллионның қалай бақыланатындығын сұрады. Осы тұрғыда мәселесінің кем кетіктерін жіпке тізді.

Мұрат ӘБЕНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қағаз бойынша кейбір ауруханалар, мектептер, стадиондар бар, бірақ апатты жағдайда, жағдайлары төмен немесе техникалық қамтамасыз етілмеген. Керісінше, жап-жаңа стадион тұр қасында, бұрынғы стадион пайдалануға келеді. Сонда аудан бойынша сәйкес келеді де, республикадан ақша сұрар кезде сәйкес келмейді.

Тілектес АДАМБЕКОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Бір жерлерде спорт кешендері салынуда, ал бір жерлерде өкінішке орай су жоқ, медициналық пункт жоқ. Бұл өңірлердің өмір сүру сапасындағы алшақтықтың өсуіне әкеледі.

Біз тек ақша бөлеміз деген министр, жауапкершілік өңір басшыларында дейді.

Әлібек ҚУАНТЫРОВ, ҚР ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:

Ағымдағы трансферттерді жергілікті бюджеттің базасына бердік. 100 млрд теңге сомасында. Енді ол олардың жауапкершілігі. Олар қалай шешеді, сол қаражатты өздері бөледі.

"Өздері шешеді"-ден шығады. Үкімет ақша бөледі, мектеп салады. Ал оны біреу басқа біреуге сатады. Мемлекет меншігіндегі дүние емес пе деген сауал сап ете қалды ма? Бұл Алматы облысында болған оқиға. Депутаттардың министрді мінберде ұзақ ұстап, сұрақтың астына алуының себебі де сол - жаға ұстатар жағдай. Халыққа тиесілі нысанды кім, қаншаға сатты?

Мақсат ТОЛЫҚБАЙ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 орынға арналған орта мектеп болған. Соңғы жылдары толығымен күрделі жөндеу жасалып, жаңадан спорт зал салынып берілді. +Үлкен мектепті 15 млн теңгеге сатып жіберген. Алматы облысының әкімі, бұл қай әкімнің, қалай сатылғанын табу қиын емес. Барлығын біліп отырмыз. 2 ай уақыт береміз, қайтарыңыздар. Әйтпесе, фамилия бойынша соңына жетеміз.

Бөлінген қаржының дұрыс бағытталып, бақыланбауынан қазір 3 мыңға жуық ауылдың болашағы жоқ. Қолайлы жағдайдың дер кезінде жасалмауынан халық көшіп, адам саны азайған. "Біреу тоңып сұраса, біреу тойып сұрайды" деген депутаттар, қаржыны бөлерде ауылдардың әлеуметтік жағдайын тең қарауды ұсынды. Қазір 2 мыңға жуық жоба даму әлеуеті бар 800 ауылға жұмсалуда. Бұл қаражатқа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын, әлеуметтік сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамытылмақ.