Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Қызылорда облысында 200 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады

Қызылорда облысында 200 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылады

Қызылордада иесіз, игерусіз жатқан мыңдаған гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Бұл өңірдегі жайылым тапшылығы мәселесін шешетін болады. Оған «Жер аманаты» жобасы сеп болуда. Осы бағытта арнайы құрылған республикалық комиссия мүшелері аймаққа сапармен барып, шаруалармен тілдесті.

Осыған дейін аймақта 157 мың гектарды құрайтын заңсыз иемденіп алған және пайдаланылмай жатқан 256 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Биыл бұл көрсеткішті 200 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Қазір жоспардың жартысына жуығы орындалған. Бұл жерлер енді шаруалардың игілігіне берілмек.

Жалғасбай ӨМІРБАЕВ, ЖАЛАҒАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қызмет жасаймын жұмыс тауып беремін деген адамдардың қолына тисе жер ол жер жұмыс істейді. Әрі халық жұмысты болады. Біздің ауданның өзінде 9 мың гектарға жақын жерді қайтарып, мемлекет қорына одан игілікке жаратамыз деген жігіттердің қолына беріпті. Міне, кереметтей жұмыс

Облыста жайылыммен қамту көрсеткіші 68 процентті құрайды. Оны кеңейту бағытында «Жер аманаты» жобасы аясында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Мәселені зерделеу мақсатында республикалық комиссия мүшелері Жалағаш және Сырдария аудандарында көшпелі отырыс өткізді. Онда шаруалар «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелерімен тілдесіп, ұсыныстарын жеткізді.

Әліби БЕКЖАНОВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Бір шаруа жақсы жұмыс істеп келе жатады. Оның ішіне келеді да екінші адам келіп мен жер үлесімді аламын, я басқа шаруаға барамын дейді. Сондай кемшіліктер көп, шаруашылықтардың өспей жатқаны да сол, қатты дамымай жатқаны. Жерге байланысты даудың туындап жатқаны да сол. Сосын жерді алып жеке біреуге арендаға беріп жатқандар да бар. Өзі пайдаланбайды.

«Жер аманаты» республикалық комиссиясы өткен жылы еліміз бойынша 5 млн. гектар жерді мемлекет меншігіне қайтарған. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын табады. Ал халықтың ұсыныс-пікірлері жерде қалмайды дейді комиссия мүшесі.

Бақытжан БАЗАРБЕК, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ ЖАНЫНАН ҚҰРЫЛҒАН «ЖЕР АМАНАТЫ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Бірталай, қыруар шаруалар күтіп отыр. Ол шаруалардың артында халықтың мұң-мұқтажы. Мысалы Жалағаш ауданында өте маңызды ұсыныстар айтты халық. Сол ұсынысты біз жеке дара дайындап, олардың ұсыныстарын жеке дара алып, оны Парламент Мәжілісінде сараптаймыс.

Кездесу барысында «Жер кодексіне» және «Жайылымдар туралы» заңға ензілетін өзгерістер турасында да сөз болды. Бұл түзетулер жер дауларын тиімді шешуге сеп болады дейді фракция мүшелері.