Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Қашаған. Soft skills, agile...

AstanaTV
08.10.2016ж. 20:00
2781
Қашаған. Soft skills, agile...

Энергетика министрлігінің есебінше, Қашаған мұнайдың кез-келген бағасында рентабельді болады.  Дәлірек айтсақ, вице-министр Мағзұм Мырзағалиев Алматыда дәстүрлі  өтетін «Мұнай және газ» халықаралық конференциясында хабарлады.

 Мағзұм Мырзағалиев, Энергетика вице-министрі:

Рентабельдігіне келсек, бұл жоба мемлекетке кез-келген жағдайда пайдалы. Өйткені роялти, салықтар аламыз. Мұнайдың кез-келген бағасында рентабельді. Қазір мұнайды құбырларға жіберу жұмыстары жүріп жатыр. Қазанның үшінші декадасында коммерциялық өндіріс басталады. Тәулігіне 75 мың баррель. Әрі қарай көбейтеміз.

 Иә, Қашаған еліміздің теңіздің ішінде орналасқан бірінші кеніші. Әрі еліміздегі бірінші ең үлкен халықаралық инвестициялық жоба. Алайда. Алайда вице-министр қарапайым арифметикалық есеп келтіріп отыр. Жаңа жоба – жаңа түсім. Шын мәнінде кезінде күткендей экономикамызға күшті әсері болмайды. Себебі қарапайым – мұнайдың бағасы. 50 доллардың ар жақ, бер жағындағы. Сондықтан Қашаған жылына қосымша 20-30 млн тонна мұнай берсе де, түсімнің бюджетті бұлтитатын қауқары болмайды. Ұлттық экономика министрі айтқандай, оны салықтардан босатып, тек Ұлттық қорға жіберсе де, «ауа-райын» жасайтын шамасы жоқ. Керісінше, Қашаған отандық экономиканың дамуына байланысты көзқарасты өзгерту керектігін дәлелдейді. Таңғажайып болмайтынына көну керек. Өкімет қанша жылдан бері «диверсификация» деп ұрандатқанымен, экономикалық сананың сәулесі мұнай етін. Қашағанды ойлап, көзалды тіпті тұманданды – мұнай долларлары құйылады деп. Сондықтан да шығар, әртараптандыру саясатының іске аспағаны. «Қашаған синдромынан» құтылудың жолдарын қарастырып жатыр ма, жоқ әлде, мұнай бағасы циклді түрде көтеріліп тұрады дегенге сене ме, нақты айту қиын. Түсінетін де шығар, бірақ қалай әрекет ету керек, біле ме? Біз жиі жүгінетін ресейлік Герман Греф, қазір банк басшысы, кезінде министр болған, апта басында «Познер» бағдарламасына қатысқан. Үзіндіні тыңдайық:

Герман Греф, Сбербанк АҚ президенті:

Егер сіз менен біздің алдымыздағы бірінші кезектегі міндетті сұрасаңыз, мен сізге экономиканы диверсификациялау дер едім. Әрине, сіз айтасыз, мың рет айтылған, жалықтырған тақырып деп. Алайда неге қазір және неге маңызды? Себебі бізде моноэкономика. Біз ресурстардың «құшағындағы» елміз. Мұнай мен газдың. Екі процесс бар – бірінші: экономика сол ресурстарға «жабысады». Сол кезде әр түрлі «аурулар» пайда болады, валюта күшейеді, тиісінше, күшті валюта болғасын, бәрін сырттан тасымалдау басталады, өйткені солай тиімді, сосын өнім өндіру азаяды, күрделі өнім шығару туралы әңгіме тіпті жоқ. Бұл «голланд ауруы». Екінші процесс – ресурстық экономика дәуірі бәрібірбітеді. Сондықтан біз үшін бұл маңызды кезең. Ал енді қараңыз, біреулерге ұнамаса да, мұнай мен газ дәуіріаяқталып келеді. Біз үшін нақты қашан аяқталатынына келсек, менің ойымша 30-шы жылдар. 2030-32 жылдар. Біреулер айтып жүргендей, мұнай бағасының циклді өсуі енді болмайды. Сондықтан уақыт аз. Өте аз. Экономиканы әртараптандырудан басқа жол жоқ. 

Маман осы интервьюінде мұнайды аса ірі көлемде тұтынатын АҚШ-ң 25 жылға қарай мұнайды миллион бөшкелеп сатып алмайтынын, тіпті нарықтан кететінін айтты. Себебі өздерінде өндіруді арттырып жатыр. Еуропа да жасыл экономикаға бет бұрған. Электрмобильдерге жұрт осыдан 5-ақ жыл бұрын күлетін. Қазір күлгенге күледі.   

Герман Греф soft skills деген терминге тоқталды. Аударса, жұмсақ дағды, машық. Мағынасына келсек, қысқа қайырғанда, эмоционалды интеллект. Сонымен бірге agile деген сөз бар. Ширақ, епті деген мағынаны береді. Мұның бәрі басқа мәдениет. 

Герман Греф, Сбербанк АҚ президенті:  

Бұл өзіңнің эмоцияңды және өзгелердің эмоциясын дөп басу, сосын оларды басқару. Сонымен бірге көлденеңнен тізілген мәдениет негізінде басқа адамдарды жетектеу, жетекшілік ету қабілеті. Бұрын харизмасы күшті адамдар жеңетін. Темірдей ерік жігері, темірдей тәртіппен нәтижеге қол жеткізетін. Бұрын бұрыс бағытқа бұрылсаң, рульді түзеп, дұрыс бағытқа жүруіңе болатын. Ал қазір жылдамдықтың жоғарылағаны соншалық, бұрыс жаққа кетіп қалсаң, рульді түзей алмайсың – жол жиегіне құлап кетесің... Мысалы, Нокиа компаниясы. 5 жыл бұрын әрбір екінші адамда Нокиа телефоны болатын. Қазір ол компанияны жоқ деуге болады. Себебі компания телефонның көп функциялы гаджетке айналатынын дер кезінде болжай алмады. Яғни компанияда көлденеңнен тізілген мәдениет болмаған - себебі мықты мамандар отырды, тиісінше, ең болмағанда біреуі көп функциялы гаджет туралы айтты, ал оны тыңдамаған.

Технологиялық елге айналу алғышарт емес, алғышарт - мәдениет дейді. Ментальді түрде өзгеруді айтады. Ал дамудың «күймесінде» отырғандарды көріп жүргендер не дейді? Олар дамыған елдерде білім оқушылардың бейімі мен қабілетіне қарай берілетінін, екіншіден,  бізде технологияларды пайдаға асырудағы механизмдер жүйеленбегенін айтады. Ешкімге ешнәрсенің қажеті жоқ, яғни. Герман Греф айтып отырған жаңаша ойлау мәдениеті жоқ.

 Әлім Хамитов, стартапты жеделдетіп жүзеге асыру бағдарламасының жетекшісі:

Біздің жоғары оқу орындарында зертханалар мен ғылыми-зерттеу орталықтары жетерлік. Барлығы мықты жобаларын ұсынып жатыр. Өкініштісі, олар жүзеге аспай,  шаң басып сөрелерде қалады. Неге? Өйткені нарықты түсіну, жобаларды жеделдетіп іске  асырудың тетіктері бізде қарастырылмаған. Түрлі жобаларға мол гранттар бөлінетіні бөлінеді, бірақ олар өмірде жүзеге аспайды.